Лайнердегі карантин 19 ақпанда аяқталады
Жапонияда жүрген Diamond Princess круиздік лайнерінде короновирус инфекциясы тараған еді. Сол кемемен саяхаттап жүрген төрт қазақстандық азаматтың денсаулығы туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Біртанов айтып берді.
«Жапония денсаулық сақтау министрлігімен тікелей байланыс бар. Қазір оларға инфекция жұқты деген ақпарат жоқ. Ондағы азаматтармен тікелей байланыстамыз. Олар өздерін жақсы сезінеді. Арасында ауырғандар жоқ. Қазір сыртқы істер министрлігімен азаматтарымызды елге қайтару жөнінде жұмыс атқарып жатырмыз», - деді Е.Біртанов.
Лайнердегі Қазақстандықтар қашан елге қайтатыны жайлы Сыртқы істер министрлігі ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
«19 ақпанда лайнерде карантин бітеді. Сосын 2 күнге созылатын кемеден шығару процесі жүргізіледі. Себебі, кемеде 3000-нан астам адам бар. Олардың бәрін бір күнде шығара алмайды. Егер де біздің азаматтардан ешқандай коронавирус табылмаса, олар өз еркімен, өз жолдарымен елге қайтады», - деді А.Смадияров.
Журналистер кеме ішіндегі азаматтардың қазіргі жағдайы туралы да сұрады.
«Лайнердегі қазақстандықтар - 8 және 12 жастағы немерелері бар екі әйел адам. Карантин режимі болғандықтан іште қозғалыс шектелген. Әркім өз каюталарында отыр. Қажетті медициналық қорғау құралдарымен, тамақпен қамтамасыз етілген. Бізбен байланыста. Ешқандай шағым білдіріп жатқан жоқ», - деді Айбек Смадияров.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан