Мемлекет басшысының Атырау облысына жұмыс сапары басталды
Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өңір жұртшылығымен кездесті

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысына жұмыс сапары басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысы жұртшылығымен кездесті.
«Бүгін сіздермен шежіресі бай, қазынасы мол Атырау жерінде кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Қойнауы қара алтынға толы бұл аймақ еліміздің экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Ақ Жайықтың атырабы әрдайым Қазақстанның экономикалық тірегі болып келеді. Шын мәнінде, тәуелсіз ел ретінде аяққа нық тұруымызға Атырау тұрғындарының рөлі маңызды болды. Бүгінде мұнайдың бағасы едәуір жоғары тұр. Осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын мен Үкімет басқарған кезде мұнайдың бағасы 10-15 доллар еді. Ірі кен орындары игерілмеген, заманауи технология келе қоймаған шақ болатын. Мұнайды экспорттау жолдары шектеулі, өте қиын заманды бастан өткердік», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өңірде мұнайшылықтың байырғы кәсіпке айналғанын, қазақ мұнайының атасы атанған Сафи Өтебаевтың жолын ізбасарлары лайықты жалғастырып келе жатқанына тоқталды.
«Сіздер сол аса күрделі кезеңде елімізді дамытуға атсалысып, еңбек еттіңіздер. Қазір де мемлекетімізді нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып жатырсыздар. Сол үшін өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді Қ. Тоқаев.
Ол Атырау алқабының табиғи байлығымен қатар, тарихи мұраларымен де танымал өлке екенін, өңірде мыңдаған жыл бойы озық өркениеттер болғанын айрықша атап өтті.
«Бұл жерден табылған «Алтын адам» – соның бір айғағы. Көненің көзіндей Сарайшықта атақты хандарымыз ордасын тіккен. Шаһар кезінде ең ірі және ең дамыған қалалардың бірі болғаны баршаға мәлім. Иманқара үңгірі, Ақмешіт қорымы және басқа да тарихи орындар қазақтың сан қилы шежіресінен хабар береді. Осы аймақтан Исатай мен Махамбеттей батырлар, Мұрат пен Шернияздай ақындар шыққан. Бұл өлке қазақ руханиятында орны бар ақын-жазушыларымен, зиялы азаматтарымен танымал. Әнұранымыздың авторы Жұмекен Нәжімеденов – осы өңірдің тумасы. Сонымен қатар, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Зейнолла Қабдолов, Фариза Оңғарсынова, Қаршыға Ахмедияров, Рақымжан Отарбаев және басқа да біртуар тұлғаларды атап өтуге болады.
Бүгін арамызда Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов ағамыз бар. Бәріміз бұл аса көрнекті композитор, жазушы, өнертанушы тұлғаны мақтан тұтамыз. Қаймағы бұзылмаған қазақтың байырғы мекені қай жағынан алып қарасақ та, қарқынды дамып келе жатыр. Біз мемлекеттік саясатта «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатын ұстанамыз», - деді Президент.