Ақтөбеде есірткі зертханасын ашқан адам 6 жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол марихуана сатып, қарасора өсірген

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбеде ер адам марихуана сатып, жасырын түрде есірткі зертханасын ашқаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қазан айының соңында Ақтөбенің 48 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады.

Ер адам қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол қарасора өсіріп, марихуананы үлкен мөлшерде сату мақсатында сақтаған. Сондай-ақ оның саяжай учаскесінде техниканың соңғы технологиясымен жабдықталған жасырын есірткі лабораториясы табылды.

Ақтөбеліктің айтуынша, ол интернет дүкеннен тұқым мен құрал-жабдықтар сатып алған. Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 400 гр-нан асты, сонымен қатар ұсталған адам каннабиоидтарды қолданған. Оның әрекеттері ҚР ҚК 300-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша және ҚР ҚК 297-бабының 2-бөлігі бойынша сараланған. Сот 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.