Қазақстан мен Еуроодақ стратегиялық әріптестік туралы құжатқа қол қойды
Еліміздің сыртқы саудадағы үлесінің шамамен 30%-ы Еуроодаққа тиесілі
Қазақстан мен Еуропалық Одақ тұрақты шикізат, батареялар және «жасыл» сутек құны тізбегі саласындағы стратегиялық әріптестік бойынша өзара түсіністік туралы меморандум бекітті. Бұл туралы Azattyq Ruhy ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Құжатқа Мысырда Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) Әлем көшбасшылары саммиті аясында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен қол қойды.
Премьер-Министр өз сөзінде жаңа меморандумның маңыздылығын атап өтті.
«Құжатқа қол қою Қазақстанның ЕО өнеркәсіптік альянстарымен қаржылық және технологиялық ынтымақтастығын орнатуына жағдай жасайды. Жалпы, біздің еліміз Еуропалық бизнес үшін тартымдылығы жоғары қажетті факторлардың бәріне ие, оның ішінде әртараптандырылған энергия көздері мен жоғары транзиттік-көліктік әлеует бар», — деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі және маңызды сауда серіктесі болып қала беретінін, еліміздің сыртқы саудадағы үлесінің шамамен 30%-ы Еуроодаққа тиесілі екенін айтты.
«Сонымен қатар бүгінде инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және өзара сауда көлемін ұлғайту бойынша айтарлықтай әлеует барын көріп отырмыз», — деді Премьер-Министр.
Өз тарапынан Урсула фон дер Ляйен Еуроодақ Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторларының бірі болып табылатынын, сондай-ақ бүгін қол қойылған меморандум бұл қатынастарды одан әрі кеңейте түсетінін атап өтті.
«Біз осыған дейін қалыптасқан өзара терең қарым-қатынасымыздың жаңа парағын аштық. Еуропалық Одақ пен Қазақстан көп жылдан бері берік экономикалық байланыстарды дамытып келеді. Біз стратегиялық өндірістік тізбектеріміздің интеграциясын нығайту бағытында бірге жұмыс істейміз. Бұл сирек кездесетін жер элементтерін өндіруге, аккумулятор өндірісіне және «жасыл» сутекке қатысты», — деді Урсула фон дер Ляйен.
Оның айтуынша, бұл өндірістік тізбектер бүкіл әлемде «жасыл» және цифрлық өзгерістердің қозғалтқыштары болып табылады.
«Мысалы, біз аккумуляторлардың электромобильдер үшін немесе жаңартылатын энергияны сақтау үшін қаншалықты маңызды екенін білеміз. Сондықтан дәл қазір ынтымақтастығымызды нығайту үшін қолайлы сәт», — деді Еуропалық комиссия Президенті. Ол өзара түсіністік туралы меморандум ұзақ мерзімді әріптестік қатынастарды дамытуға бағытталғанын атап өтті.