Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау басталды

Автор: Azattyq Rýhy

5 күдіктінің үстінен қозғалған қылмыстық қудалау тоқтатылды

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысушыларға рақымшылық беріле бастады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратураның бірінші қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, 1,5 мыңға жуық адам амнистияға түсуі мүмкін.

«Қазіргі таңда жазаны атқарушы органдар сотқа 878 сотталушыға қатысты мерзімін қысқарту және жазадан босату туралы ұсыныс енгізді. Тергеу органдары сотқа дейінгі сатыда орташа ауырлықтағы қылмыс жасады деген 5 күдіктінің үстінен қылмыстық қудалауды тоқтатты», - деді Елдос Қилымжанов.

Ол басқа тұлғалардың ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағанын атап өтті. Заң бойынша оларға сот рақымшылық жасауы мүмкін.

Қадағалау органының өкілі қаңтар оқиғасы бойынша 5 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеу тіркелгенін хабарлады. Оның ішінде: терроризм фактілері бойынша – 27 іс; тәртіпсіздіктер бойынша – 131 іс; кісі өлтіру бойынша – 146 сотқа дейінгі тергеу тіркеген. 1612 адам күдікті деп танылса, оның 787-сі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін ұсталған. Ұсталғандардың ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтың 41 мүшесі бар. Сондай-ақ 126 адамның кісі өлтіру, ұрлық, тонау және тонау бойынша соттылығы бар.