«Елге жанашырлық деген – осы»: Президент қаңтар оқиғасы кезіндегі Маңғыстау облысы туралы

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы кез келген күрделі мәселені сабырмен шешуге болатынын еске салды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесу барысында еліміздің гүлденуі үшін тұрақтылық, бейбітшілік пен тыныштықтың маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Президент қазақстандықтарға саяси жауапкершілік мәдениетін сіңіріп, кез келген мәселені келіссөз бен диалог арқылы шешуді үйренуі керек екенін жеткізді.

«Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде сіздер ел тағдырына жауапкершіліктің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Сол күндерде мұнда адам өлімі болған жоқ. Мемлекеттік және қоғамдық орындар шабуылға ұшыраған жоқ. Елге жанашырлық деген – міне, осы! Шын мәнінде, адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ», - деді ол.  

Мемлекет басшысы кез келген күрделі мәселенің өзін айғай-шу, дау-дамайсыз сабырмен шешуге болатынын еске салды.

«Біз ішкі және сыртқы саясатта осы ұстанымды ұстанамыз. Тұрақтылықсыз, бейбітшілік пен тыныштықсыз табыс пен өркендеу мүмкін емес екені анық. Бізге ең алдымен Заң мен Тәртіп керек. Заңдарымыз әділ, тәртіп қатаң болуы керек. Қазіргі жағдайда басқаша болуы мүмкін емес. Тұрақтылық пен бейбітшілік болмайынша ілгерілеу болмайды», – деді Тоқаев.