Тоқаев «АрселорМиттал» кәсіпорындарын кешенді тексеруден өткізуді тапсырды
2006 жылдан бастап металлургия комбинатында 100-ден астам адамның өмірін қиған 20-дан астам апат болды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Ленин шахтасында болған апатқа байланысты, “АрселорМиттал Теміртаудың” кәсіпорындарын кешенді түрде тексеруден өткізуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
“Өкінішке қарай, “АрселорМиттал Теміртаудың” кәсіпорындарындағы апаттар жиілеп кетті, былай айтқанда, үйреншікті қалыпқа айналды. Жыл басынан бері бұл адамдардың өмірін қиған екінші апат. Ал, 2006 жылдан бастап металлургия комбинатында 100-ден астам адамның өмірін қиған 20-дан астам апат болды”,- деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік органдар қанша ескерту жасаса да жағдай өзгеріссіз қалды.
“Осыған байланысты, шұғыл түрде қатаң жазаларды қолға алу керек. Кәсіпорындарды кешенді тексеруден өткізіп, еңбек қауіпсіздігі мен экологиялық нормалардың қаншалықты талапқа сай екенін анықтау керек”,- деді Тоқаев.