$ 495.95  524.37  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БҚО-да тұрғындар көгілдір отыннан тарықтырған жауаптыларды үйіне қонуға шақырды

Халық үйге келіп тұрған газдың игілігін көре алмай отыр

БҚО-да тұрғындар көгілдір отыннан тарықтырған жауаптыларды үйіне қонуға шақырды
фото: syrboyi.kz

Қарашаның қара суығында қақаған үйде бүрсеңдеген Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы Володар ауылының тұрғындары газ беруші мекеме мен шенеуніктерді қонаққа шақырды. Бұл туралы  Azattyq Ruhy astanatv-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Жауаптылар азынаған үйде тоңып, бұқараның қалай қиналғанын түсінер деген үмітте. Себебі, олар үйге келіп тұрған газдың игілігін көре алмай отыр.

Шенеуніктердің газ жүргіземіз деген уәдесін бес жыл күткен жас отбасы биыл несиеге темір пеш сатып алыпты. Бірақ ол пеш дұрыс жанбайды, қызуы да жоқ. Үйін жылыта алмаған ауылдықтардың кейбірі енді қаладан пәтер жалдап, жан бағып жүр.

«Үйде бір-бір кісіден қалдық. Міне от жағып отырғандар отбасымен амалдап отыр. Қалғандарының көбінің семьясы қаңғып кетті. Жалғыз өзім қалдым. Айына 100 мың шығып тұр. Мен үш қыста 1,6 млн тг ақша төледім светке. Алдыңғы күні ауа райының құбылуына байланысты не свет жоқ, не газымыз жоқ, не отынымыз жоқ, бүрісіп бір бұрышта отырдық», - деді Володар ауылының тұрғыны Ербол Нұржауов.

Тірнектеп жиған ақшасына екі қабатты үй салған Өтешовтер отбасы да қазір бір бөлмені паналап отыр. Өйткені әулеттің қара шаңырағы болады деп үміттенген үлкен үйді жылыту мүмкін емес. Амалы таусылған тұрғын енді жауапты мекеме өкілдерін қонаққа шақырып отыр. Газдан зарықтырғандар бізбен бірге тоңса, жағдайды түсінер деген үмітте.

«Салқында төсекті бір-біріміздің қасына салып, осылай жатамыз. «Қазтрансгазаймақтың» адамы келіп, біздің үйге бір жұма келіп қонып көрсін. Свет жоқ болғанда қалай тұратынымызды келіп қарасын. Қатар-қатар жатамыз залда бір бөлмені жылытып», - дейді Володар ауылының тұрғыны Клара Өтешова.

«Мердігер компаниямыз құжаттарын тапсырып, қазіргі таңда облыстық «Қазтрансгазаймақ» мекемесіне өкім шығаруға жіберген құжаттарын. Енді сол жақтан өкімі шыққаннан кейін ғана «Қазтрансгазаймақ» біздің мына «Интергаз Центральная Азияға» врезка жасауға өтінім жібереді. Құжаттар бір-екі жұма алады ғой», - дейді Трекин ауылдық округының әкімі Мәлік Сейітов.  

Ал газ компаниясы өкілдерінің айтуынша, тұрғын үйлерге газ жүргізу үшін тапсырылған құжаттары дұрыс емес. Енді осы кемшілік түзетілмейінше, газ берілмейді. Ал мердігер мұны екі күнде жөндеймін деп сендірді.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#газ #БҚО