Асхат Оралов: РҚШ сайлау науқанын басқаратын көпфункционалды заманауи орталыққа айналды
AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды штабының жұмыс форматы мен үгіт-насихат жұмыстарының қалай ұйымдастырылғаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Баршаңызға мәлім, Қасым - Жомарт Кемелұлы әрдайым жастарға ерекше көңіл бөліп, қолдау білдіруде. Сондықтан да біз осы сенімді ақтау үшін жұмысты жаңаша форматта үйлестіріп, ұйымдастыруға тырысып жатырмыз. Шын мәнінде, штаб сайлау науқанын басқаратын көпфункционалды заманауи орталығына айналды деп нық айтуға болады. Осы жер тек жұмыс істейтін орын ғана емес, сонымен қатар барлық аймақтардағы белсенділерге импульс беретін орталық», - деді Асхат Оралов.
Мұнда 3 партияның өкілдері және беделді қоғамдық ұйымдардың басшылары мен белсенділері бірлесіп, жұмыс атқаруда.
Асхат Ораловтың айтуынша, ауыл-аймақтарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде әрбір өңірдің ерекшелігі ескерілген. Кері байланысты күшейту үшін аймақтық штабтар ашылған. Олардың саны 200-ден асады. Сол штабтардың құрамына 6 мыңнан аса азамат кіреді. Жұмыс онлайн форматта 24/7 режимінде жүріп жатыр.
«Біз тек теоретикалық жағдайда емес, аймақтармен тәулік бойы онлайн форматта жұмыс жүргіземіз. Үгіт-насихат жұмыстарын қадағалаймыз. Қандай сапада өтті, орындалды ма, халықпен қай форматта кездесулер өтіп жатыр – барлығы бақылауда. Алдағы төрт күнде РҚШ мүшелері 4 аймаққа барады. Ең басты мақсатымыз ол біздің кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасының бағыт-бағдарын, маңызды ойларын, тапсырмалары, идеяларын қарапайым халыққа, ауылдағы ағайынға жеткізу болып табылады», - деді ол.