Ақмола облысында 21 рет алаяқтық жасаған адам қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Зардап шеккендердің көбі арзанға пәтер жалдамақ болған студенттер

Фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысында әлеуметтік желі арқылы пәтер жалға берілетіні туралы жарнама беріп, алаяқтық жасаған әйел ұсталды. Оған 21 адамнан шағым түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, күдікті арам ойын танымал әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырып келген. 

«Павлодарлық әйел 2019 жылдың шілдесі мен желтоқсан айы аралығында «ОЛХ» әлеуметтік желісі арқылы Көкшетау қаласында пәтер жалға берілетіні туралы жарнама жариялаған. Зардап шеккендердің басым көпшілігі арзанға пәтер жалдамақ болған студенттер», - дейді ПД өкілдері.

Ведомствоның хабарлауынша, полицияға ең алдымен Көкшетау қаласындағы 19 жастағы студент қыздан арыз түскен. Одан кейін тағы 20 адам арызданған.

«Алаяқ әйел жарнама бойынша қоңырау шалған адамдарға пәтер іздеген адамның көптігін айтып, алдын ала жарна төлеуін сұраған. Осылайша, көшетаулықтардан алдап 30мың және 40 мың теңге ақша алған соң күдікті байланысқа шықпай қойған», - деп жазылған хабарламада.

Жедел-іздестіру шарасы кезінде күдікті ретінде Павлодар қаласының бұрын істі болған 26 жастағы тұрғыны қамауға алынды. Қазіргі таңда ҚР ҚК 190 бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.