Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды
Бюджеттен қосымша қаржы сұраған, бөлінген қаржыны қысқартып, басқа бағыттарға бөлуді сұраған министрлер түгел Мәжілісте бас қосты.
Бюджетке өзгеріс енгізетін бағдарламаның бірі – «Жас маман». Бюджеттен осы бағдарламаға қажетті қаржыны азайту сұралған. Бағдарламаны қабылдау туралы Елбасы тапсырмасы 2019 жылдың қаңтарында айтылған еді. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин осы аралықта бір жарым беттік құжатты келісу үшін Үкіметтің тоғыз ай жоғалтқанын айтты.
«Құрметті әріптестер, бәріміздің есімізде, 2019 жылдың 23 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар жылының ашылу салтанатында халық алдында Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл тапсырма қаңтарда берілді. Тоғыз ай өтті. Бірақ, Үкімет осы тапсырманы орындауға әлі кіріспеген де. Бұл жерде ашу тудыратын мәселе не екенін білесіздер ме: кәдімгі қағазбастылық. Құжаттарды келісу мәселесі.
Менде осы бағдарламаны әзірлеу туралы анықтама бар, хронологиясын оқып берейін, бұны министр ретінде Асхат Қанатұлы (Аймағамбетов – Білім және ғылым министрі - агенттік) жақсы біледі.
23 қаңтарда тапсырма беріледі. 31 мамыр күні, тарсырма берілгеннен кейін төрт ай өткен соң, Әлихан Асханұлы (Әлихан Смайлов – Қаржы министрі, Премьер-министрдің орынбасары - агенттік), осы тапсырма жөніндегі Үкімет қаулысы қабылданады. Төрт айдан кейін. Біліп отырсын деп айтып отырмын, әлгі қаулы небары бір жарым бет. Бір жарым беттік құжатты төрт ай қабылдаған. Одан кейін бір жарым айдан соң барып, Білім министрлігінің ережелер жобасы әзірленеді. Кейін екі ай бойы үш министрлік арасында осы ережені келісу процесі жүреді. Тек 28 қыркүйек күні Білім және ғылым министрлігінің «Жас маман» бағдарламасын жүзеге асыру туралы бұйрық шыққан. Әйтеуір, әрең дегенде осы мерзімде Әділет министрлігі осы бұйрықты тіркейді. Сонда, бір құжатты келісу үшін тоғыз ай жүрген. Міне, Үкіметтің жұмыс істеу әдісінің түрі – осы. Тоғыз айда әйел бала көтеріп, туып үлгереді, ал сіздер бір бұйрықты «туа алмай» жүрсіздер», - деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс спикері бұл маңызды бағдарламаларды орындауда бірге жүретін бюрократияның ашық көрінісі екенін атап өтті. Жастар жылы аяқталуға жақындағанда, оны тікелей орындататын бұйрық жыл соңына қарай қабылданғанын айта келе, Үкімет енді оянып жатыр деді.
«Бұл – өте маңызды бағдарлама, жоба аясында бүкіл облыстарда 108 мамандық бойынша жастар білім алып жүруі керек еді, ал сіздер бұйрықты жаңа шығарып жатырсыздар», - деді Мәжіліс спикері.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тиісті шаралар өз уақытында қабылданбағаны рас екенін мойындады.
«Бұл толықтай және тікелей біздің министрліктің міндетіне қарайтын сұрақ. Оқу орындарын техникалық тұрғыдан қамтып, оқу сапасын арттыруға бағытталған өте маңызды жоба. Бүгінгі таңда тиісті шешімдер шықты. Дайындық сатысын аяқтадық. Осы жобаны тиімді жүзеге асыратынымызға сізді сендіргім келеді. Кінәлі адамдар жауапқа тартылады», - деді Асхат Аймағамбетов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан