Ташкентте ауыр атлетикадан жастар, қыздар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатыр
Ташкентте өтіп жатқан ауыр атлетикадан жастар, қыздар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында екі қазақстандық зілтемірші алтын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ауыр атлетика федерациясына сілтеме жасап.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Карина Құзғанбаева қоссайыс нәтижесі бойынша 227 кг (101+126) зілтемірді көтеріп, жастар арасында (20 жасқа дейін) Азия Чемпионы атанды. Екінші орынды 186 кг (100+86) көтерген өзбекстандық Ляйлахон Хурсанова иеленді.
+81 кг абсолютті ауыр салмақта өнер көрсеткен Айсамал Сансызбаева жұлқа және серпе көтеруде 249 килоны (109+140) игеріп, Жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы атанды. Екінші орынға қоссайыс нәтижесі бойынша 215 кг (90+125) көтерген қытайлық Тайпейден келген Линг-Чен Ван жайғасты. Үшінші орынды 155 кг (70+85) зілтемір көтеріп, Моңғолия өкілі иеленді.
Жастар және жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты 20 ақпанға дейін жалғасады. Қазақстанның атынан 10 спортшы қатысып жатыр. Олардың ішінде Гүлнұр Ыбырай (64 кг дейінгі салмақ дәрежесі) және Сайхана Тайсуева (67 кг дейін) алтын алды, Абылай Әуелхан (55 кг дейін) күміс иеленсе, Ақмолда Сайрамкез (61 кг дейін) қола медальге қол жеткізді. Алда 81 кг дейін Есенкелді Сәпи, 89 кг дейін Нұрғиса Әділетұлы, 96 кг дейін Артем Антропов пен Рахат Бекболат зілтемір көтеруге шығады.