Бағдарламаның нақты қашан аяқталатыны белгісіз
«7-20-25» бағдарламасы келер жылы да жұмыс істеуі мүмкін, ал Отбасы Банктің ипотекалық портфелі бәсекелестік ортаға, яғни нарықтық реттеуге беріледі деген жоспар бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
«7-20-25» ендігі жылы да жұмыс істейтін болады. Ұлттық банк Krisha.kz-ке осындай болжамын айтты.
«Қазіргі қарқынмен мақсатты қаражатты 2023 жыл ішінде игеруге болады деп болжап отырмыз», - делінген ресми жауапта.
Жалпы «7-20-25» бағдарламасына бөлінген қаржының игерілуі пәтерлерге төлем қабілетті бар адамдардың сұранысына және бағдарлама бойынша іске асырылатын жаңа тұрғын үйлердің көлеміне байланысты. Бағдарламаның нақты қашан аяқталатыны белгісіз. Бірақ несиелендіру 1 трлн теңге толық игерілгенге дейін жалғасады.
Ипотекалық портфель иесі кім болады?
Отбасы Банк ипотекалық портфелін бәсекелестік ортаға беруді жоспарлап отыр. Қаржы нарықтарындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі жол картасында осылай жазылған деп хабарлайды LS сараптама агенттігі.
«Екінші деңгейдегі банктердің тұрғын үйді несиелендіру бағдарламаларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету керек немесе халықтың әлеуметтік осал топтарына несие беру құзіретін қалдырып, Отбасы банктің ипотекалық портфелін бәсекелестік ортаға беру керек» делінген құжатта.
Бұл ұсыныс ашық нормативтік құқықтық актілер алаңында талқыланады. Ал FINANCE kz сарапшылары «ипотекалық портфельді басқа банктерге беру және оларды тұрғын үй жинақ бағдарламасына жіберу нарықты бәсекеге қабілетті етуге, қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді дейді.
Сарапшылар: Каспий дәлізінің әлеуеті жоғары
Сыртқы саудамыз бен шетелдік инвестицияның жартысына жуығы Еуроодақтың үлесінде. Биылғы 8 айда арадағы тауар айналымы 26 миллиард доллар болды. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 43 процентке көп. Оның 22 миллиард доллары экспорт, қалғаны импорт. Қазақстан үшін Еуропа мұнай эскпорттайтын негізгі нарық. Бұдан бөлек, уран, ферроқорытпа, титан, бал жөнелтсек, Одақ елдерінен бізге дәрі дәрмек, арматура, есептеу құралдары, құбыр, профиль, қара металл бұйымдары келеді.
Еуропа Қытаймен Ресей арқылы сауда жасайтын. Көрші ел қазір санкцияның құрсауында қалды. Енді кәрі құрлық Қытаймен байланысатын жаңа дәліз іздеп жатыр. Бұл орайда Еуропа Орталық Азияға иек артады. Әсіресе Қазақтанға. Еуропа Орталық Азияны Қытаймен байланыстыратын құрлық арқылы жүретін басты дәліз ретінде қарастырады. Сарапшы Жұмабек Сарабек осылай дейді. Сондықтан алдағы уақытта энергетика мен транзит саласына басымдық беріліп отыр. Ал еуропамен еркін сауда аймағын құру ықтималдығы әзірге төмен дейді сарапшы.
«Бұрын тауар ағымдары Ресей арқылы өтетін болса, қазір Ресей логистика тұрғысынан да Ресейге қарсы санкциялар енгізіліп жатыр. Яғни Еуропа үшін осы Қытаймен байланысатын жаңа дәліздер керек. Транзиттік дәліздер. Бұл дерде Каспий маршруты бірден ойға келеді. және кездесу барысында да бұл талқыланған болатын. Еуропа мен Қазақстан, Орталық Азия мемлекеттері бірігіп Каспий дәлізін әрі қарай дамытамыз деді», - дейді әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков.
Еуропаның газ тапшылығын ОА реттей ала ма?
Соңғы он жылда Еуропалық Одақ Орталық Азия мемлекеттеріне 120 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Орталық Азияның да ұсынары көп. Мысалы, қазірдің өзінде Қазақстан Еуропа елдеріне жылына 5 миллион тоннадан астам бидай экспорттайды. Өзбекстан Еуропаға өңірлік туризмді дамытуға қосылуды ұсынады. Ал, Қырғызстан мен Тәжікстан ЕО-тың су-энергетикалық ресурстарды пайдалану және әртүрлі пайдалы қазбаларды өңдеу жөніндегі бірлескен жобаларға қатысуын күтеді. Бұдан бөлек Еуропа үшін сезімтал – газ мәселесі бар. Көгілдір отынды тасымалдау үшін арада құбыр тарту мүмкіндігін қазір тараптар жан-жақты талқылап жатыр.
«Еуропа ОА тұтас аймақ ретінде қарастырып, осы ОА мемлекеттерінде инвест жобаларды жүзеге асыруға мүдделі деп ойлаймын. Себебі, энергетикаға келсек Еуропа Ресей газынан бас тартып жатыр. Бұл Еуропа үшін өте сезімтал мәселе және алдағы уақытта экономикалық проблемалар туғызуы мүмкін. Сондықтан Еуропа үшін жетпей жатқан энергия ресурстарын қосымша альтернативті қуат көздерімен толықтыру керек. Бұл жерде Әзербайжан өзінің Еуропаға газ экспортын өсіруді мәлімдеп отыр. Сонымен бірге Түрікменстанда да газ көп. Бірақ ол газды Еуропаға экспорттау үшін Каспий арқылы газ құбырын жүргізу керек», - деді Жұмабек Сарабеков.