Қытайдан жеткізілген тауарларды жалған ресімдегендер айыппұл арқалады

Автор: Azattyq Rýhy

Сертификаттардың күші жойылған

Фото ашық дереккөзден

Қытайдан әкелінетін ойыншықтарға заңсыз ресімделген сертификаттар мен декларацияның күші жойылғанын Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев ОКҚ-да өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Комитет бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз ресімделген 57 сәйкестік декларациясының және 63 сәйкестік сертификатының күші жойылды. Олардың ішінде қырғызстандық сертификаттау жөніндегі орган берген электр тұрмыстық аспаптарға арналған 12 сертификат бар», - деді Елікбаев.

Ол атағандай, олардың қызметі Қырғызстандағы әріптестерімен өзара іс-қимыл нәтижелері бойынша тоқтатылды.

«Сондай-ақ, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сынақ нәтижелері бойынша Қытайдан әкелінетін ойыншықтарға, тамақ өнімдеріне (джем, сэндвич, аспаздық бұйымдар, консервілер) арналған сертификаттар мен декларациялар бойынша құқық бұзушыларға айыппұл салынды», - деді Қуаныш Елікбаев.