Прокуратураның құқық қорғау қызметін күшейтетін заң қабылданды
Ол Конституциялық заң болып есептеледі
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Сенатта «Прокуратура туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Заң жобасы ҚР Конституциясының 83-бабын іске асыру және Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасының негізгі мақсаты прокуратураның құқық қорғау қызметін жүйелі күшейту, елдегі жоғары қадағалау мен заңдылық құралдарын нығайтады.
Әсет Шындалиев атағандай, Бас прокуратура өз құзыретіндегі мәселелер бойынша шетелдік және халықаралық соттарда мемлекеттің мүдделерін білдіре алады.
«Заң жобасында прокуратура органдары ведомствосының, құқық қорғау органдары академиясының, әскери және көлік прокуратурасы органдарының қызметіне қатысты олардың негізгі функциялары көрсетілген жекелеген ережелер бар. Заң жобасында прокуратураның шешімдеріне, актілеріне және прокуратура органдарының лауазымды адамдарының әрекеттеріне шағымдарды сотқа дейінгі реттеу тәртібі регламенттелген, оларды қараудың мерзімдері және қорытындылары бойынша қабылданатын шаралар айқындалған», - деді ол.
Сенаттың жалпы отырысында депутаттар дауыс беру арқылы аталған заң жобасын мақұлдады.