Айтуынша биыл жобаға 10 ауыл кіруі керек
Республикалық ғарыштық байланыс орталығында Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляеваның қатысуымен жедел кеңес өтті. Бұл туралы соңғы кездері Қазақстанның ғарыш саласының дамуына ерекше көңіл бөліп жүрген депутат өзінің Facebook парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Отандық ғарыш саласын дамыту бойынша күн тәртібіндегі мәселе аз емес. Бір жазбама сыймайды, бірақ бір жаңалықпен бөліспесем болмайды», – деп жазды депутат парақшасында.
«Цифрлық даму министрлігі біздің KazSat спутниктік шоқжұлдызының көмегімен халқы 250 адамнан аз ең шалғай ауылдық елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету бойынша пилоттық жоба жасауды жоспарлап отыр. Биыл жобаға 10 ауыл кіруі керек. Алматы облысының бір ауылы қазірдің өзінде осындай байланысты пайдаланып жатыр (облыс орталығынан 330 шақырымда). Егер бәрі ойдағыдай болса, келесі жылы елді мекендер санын 250-ге дейін арттыруға болады», – деп хабарлады Е.Смышляева.
Депутат бұл пилоттық жобаның артықшылығына тоқталды.
«Біріншіден, бұл тәсіл ғарыш саласының отандық кәсіпорындарын (экономика, кадрлар, ғылым, даму) коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жол ашады. Екіншіден, бұл спутниктерді ұлттық орталықтардан толық бақылау және басқару қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Үшіншіден, мұндай жобалардың құны төмен орбиталық спутниктердің қызметінен (шамамен екі есе) арзан екені анық», – деп жазды депутат.
Отырыста Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков пен «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ басшысы Мәлік Жүйріктаев осы мәселеге қатысты нақты ақпараттар берді. Атап айтсақ, KazSat 3 жерсерігі жаңа құрылғымен ауыстырылады, оның сипаттамалары Интернет пен телехабар таратуды қолжетімді және жақсырақ етеді, ең бастысы, ол ресурсты трафик көлеміне қарай операторлар арасында бөлуге мүмкіндік береді. Бұл мәлеметті де Е.Смышляева парақшасында оқырмандарына хабарлады.
Сондай-ақ «Біз бәрін өзіміз істей аламыз және ғарышты бізден ешкім алмайды!» деп жазды депутат 2021 жылы жазда Ақкөл қаласындағы «Kazsat» спутниктік басқару орталығына барған кездегі суретін жариялап.