Тәуелсіз бақылаушылар Салтанат Тұрсынбекованың штабында болды
Үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр

Тәуелсіз бақылаушылар тобы Қазақстан президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекованың штабында болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бақылаушылар штаб басшысымен және қызметкерлерімен әңгімелесіп, үгіт-насихат жұмыстарына байланысты шектеулер мен мүмкіндіктерді тағы бір рет түсіндірді.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясында штаб қызметкерлері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы семинар өткізіп, онда заңнаманы егжей-тегжейлі түсіндірген болатын.
Сонымен қатар құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекова да сайлауалды үгіт-насихат ережелерін сақтау мәселесі ерекше бақылауда екенін және республикалық, сондай-ақ облыстық штабтың барлық қызметкерлері заңның талабын қатаң сақтауға ниетті екенін мәлімдеген еді.
Айта кету керек, Салтанат Тұрсынбекова 20 жылдан астам мемлекеттік қызметте, оның ішінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Жоғарғы Сотта және Бас прокуратурада қызмет атқарып, оның 10 жылында басшылық қызметтерде болған. Сондықтан ол қоғамның әрбір мүшесінің заңдылық пен тәртіпті сақтауының маңыздылығын жақсы түсінеді.