Ақмөлдірге жасалған бионикалық протездің құны - 18,6 млн теңге
Атыраулық параспортшыға «Қазақстан халқына» қорынан протез берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қордың ресми сайтына сілтеме жасап.
Ақмөлдір көпбалалы отбасынан шыққан. Бес баланың ішінде ең кенжесі.
Сондықтан да жақындары оны бала кезінен қамқорлықтарын аямай, мүмкіндігі шектеулі адам ретінде сезінбеуге жағдай жасап келді. Айтуынша, достары мен сыныптастары да ешқашан сырқатына назар аудармаған.
Ақмөлдір бала кезінен спортқа жақын болып өсіп, үстел теннисімен айналысты. Құлсары қаласының колледжіне дене шынықтыру оқытушысы мамандығына оқуға түсті. Қазір 3 курста оқып жатыр.
Спорттағы табандылығы мен еңбегінің арқасында Ақмөлдір облыстық парақұрамаға қабылданды.
Басты жетістіктерінің бірі – 2021 жылдың мамыр айында үстел теннисінен Қазақстан чемпионатында жеңіп алған қола медалі.
«Бала кезімнен үстел теннисіне қызығушылық танытып келдім. Аудандық және облыстық жарыстарға белсенді қатыстым. Ойындарда көрсеткен жақсы нәтижелерім үшін облыстық құрамаға мүше болып, онда өңір атынан республикалық біріншіліктерде өнер көрсетудемін. Оқудан бос уақытта жаттығуға барамын. Осылайша өзім жеке қатысып, әрі болашақта оқытушы ретінде спорттың дамуына өз үлесімді қосқым келеді», – дейді Ақмөлдір.
«Қазақстан халқына» қорының балалар мен жастарды протездермен қамтамасыз ету жөніндегі қайырымдылық бағдарламасы туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімінің қызметкерінен естіген.
Өтінім мақұлданған кезде Ақмөлдір анасымен бірге екі апта бойы «Medicare International» отандық өндірушісінің кеңсесінде протезді қолдануды үйренді. Осындай протезді ол бала кезінен армандаған.
«Осыған дейін оң қолыма берілген протез мемлекет есебінен ұсынылған қарапайым протез болатын. Функционалды емес және ауыр затты көтеру қарастырылмаған еді. Кішкентайымнан бионикалық протезді армандадым және оны тек Youtube-тағы видеодан ғана көретінмін. Роликтерді көрген сайын мен де бір күні осындай протезге жетемін деп армандап, үміттенетінмін. Енді протездің көмегімен есікті ашып, заттарды ұстай аламын, жазу жазып, басқа да маңызды әрекеттерді орындауға мүмкіндік бар», – дейді Ақмөлдір Тілеуқұлова.
Армандаған протезін алған Ақмөлдір енді Tik-Tok әлеуметтік желісінде видео түсіріп, онда протезбен өткізген өмірін баяндайды.
Бионикалық протез жүйке жүйесі арқылы басқарылып, әр адамға жеке орнатылады.
Қажетті аяқ немесе қолды жасамас бұрын, биониканы орнату аймағы жүйке импульстардың бар-жоғына тексеріледі. Науқас арнайы датчиктерді киіп, қолын немесе аяғын қалай жылжытатынын елестетеді.
Компьютерде жоқ аяқ-қолға бағытталған ми импульстарын бекітіп, протез жасау жұмыстары басталады. Бір протезді шығаруға шамамен 15-20 күн кетеді.
Дұрыс таңдалған жасанды аппарат нақты аяқ немесе қолдың барлық функцияларын орындай алады.
Ақмөлдірге жасалған бионикалық протездің құны - 18,6 млн теңге. Бүгінгі таңда 43 қазақстандық, оның ішінде 24 бала арнайы бағдарлама аясында «Қазақстан халқына» қорынан протез алды.
Бағдарламаны іске асыруға 1 млрд 568 млн теңге бөлінді.
Серіктестер – «Medicare International» отандық өндірушісі 359 560 830 теңге сомасына 38 протез дайындалып, берілді және «Фармас» ЖШС 58 709 560 теңге сомасына 5 протез дайындалып берілді.