БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендерге уәде етілген үйлер әлі берілмеген

Автор: Azattyq Rýhy

Тасқын ауыл мектебін және 23 үйді бұзып өткен

exk.kz

БҚО Қаратөбе ауданының Шалғын ауылы көктемде суға кетіп, жиырмадан астам отбасы баспанасыз қалған еді. Тұрғындарға уәде етілген үйлердің құрылысы әлі бітпеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

Тасқын ауыл мектебін және 23 үйді бұзып өткен. Шығын 1,6 млрд теңгеге бағаланып, жаңа баспаналар мен 60 орындық мектеп салу шешімі қабылдады. Бірақ үй құрылыстарының бітетін түрі көрінбейді.

«Құрылыс кестеден кешігіп жүріп жатыр. Өйткені әуелде қаржыландыру болмады. Бірақ мердігер "Жиенбай" ЖШС қарашаға жеткізбей аяқтап беруге уәде етті», - дейді аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев.

Ол осы жағдайды апта сайын барып тексеріп жүргенін айтты. Ал барар жері болмаған кейбір отбасылар жаз бойы қораларды паналап келіпті.