Петропавл тұрғыны Президенттің атын жамылған алаяқтарға алданып, 6,5 млн теңгесінен айырылды
Олардың айтуымен тұрғын кредит рәсімдеп, «инвестициялық шотқа» қомақты қаржы салған
Петропавл тұрғыны президенттің бастамасымен қолған алынған инвестициялық жоба деген жарнамаға алданып, алаяқтарға 6,5 млн теңге ақшасын берген. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның хабарлауынша, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде фейк хабарламалар көбейіп кеткен. Алаяқтар ұлттық компаниялар мен банктердің президенттің бастамасымен қолға алынған инвестициялық жобалары деген жарнама жариялайды.
«Полицияға Петропавл тұрғыны шағымданып, тамыз айында YouTube-те Halyk Bank жарнамасын көргенін, олар ақша инвестициялап, кіріс табуға болатынын ұсынғанын айтты», - делінген хабарламада.
Әйел анкета толтырып, өз мәліметтерін жазғаннан кейін оған алаяқтар хабарласқан. Олардың айтуымен тұрғын кредит рәсімдеп, «инвестициялық шотқа» 6 млн 600 мың теңге салған.