Петропавлда жарты жылдан бері ипотека төлеп отырған тұрғындар жаңа пәтерлерге қоныстана алмай жүр

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Бұл мәселе үш жылдан бері шешілмей келеді

Петропавлда 150-ден астам отбасы жаңадан сатып алған пәтерлеріне қоныстана алмай жүр. Облыс орталығында құрылысы әлдеқашан аяқталған бірнеше баспанада жылу, жарық пен су атымен жоқ. Олардың қатарында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлермен қатар құрылыс компаниялары тұрғызған коммерциялық баспаналар бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

МӘСЕЛЕ 3 ЖЫЛДАН БЕРІ ШЕШІЛМЕЙ КЕЛЕДІ

Петропавлдың «Жас өркен» ауданында коммуникация мәселесі өткір тұр. Құрылысы жазда аяқталған 10 шақты үйде әлі күнге жарық, жылу мен су жоқ. Кейбір нысандар электр қуатын уақытша желінің көмегімен пайдаланып отыр. Бұл мәселе соңғы 3 жылдан бері шешілмей келеді.

Маусым айында Порфирьев көшесіндегі 60-шы үйдің құрылысы аяқталып, әкімдікте баспана кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Содардың бірі - Бәйімбет Құбайдолла. Жарты жылдан бері ай сайын 80 мың теңге ипотека төлеп отыр. Дәл осынша қаржыға пәтер жалдайды.

«Мобилизациядан қашқан ресейліктердің Қазақстанға ағылуына байланысты пәтер жалдау ақысы қымбаттады. Бұл мәселе бізді де айналып өткен жоқ. Жаңа пәтер алған көршілердің барлығы қиналып жүр. Өйткені несие рәсімдегеннен кейін шығынымыз екі есе өсті. Үйіне қарызға жиһаз алып қойғандар да бар. Өйткені әкімдік «мәселе әне-міне шешіледімен» сендіріп келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Іс бір нүктеде тұр. Ешқандай әрекет көріп отырған жоқпыз», - дейді Бәйімбет Құбайдолла.

САЯЖАЙДЫ ТҰРЫП ЖАТҚАНДАР БАР

Ыбырай Алтынсарин көшесі 61 мекенжайында орналасқан тоғыз қабатты үйдің де жайы осы. Тұрғындардың айтуы бойынша су жаңа баспананың кем-кетік тұстары өте көп. Көпшілік жылусыз үй қыс мезгілінде дым тартып, қабырғалары бүлініп қала ма деп уайымдайды.

«Бұл үй биыл маусым айында тапсырылды. Жағдайы барлар пәтерлерін бірден сатып алды. Кейбірі ипотека рәсімдеді. Міне, содан бері жарты жылға жуық уақыт өтті, біз әлі қоныс тойын тойлай алмай жүрміз. Бізді алаңдатып отырған жалғыз сұрақ бар. Егер коммуналдық желілер мүлдем тартылмаса, неге біздің қолымызға кілтті, одан қалды құжаттарды берді? Үй тұруға жарамсыз болған соң, тұрғындардың кейбірі күздің қара суығында саяжайларын паналап отыр. Сонда бұл нысанды әкімдік қалай қабылдап алған екен? Жауаптыларға талай мәрте хат жаздық. Сұрақ көп, ал жауап жоқ», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Гүлнара Ысқақова.

Жаңа үйден пәтер алған азаматтардың бірі – Дәурен Баймұратов. Ол жаңа баспанасына жазда жөндеу жұмыстарын жасап алған. Енді жылу берілмесе, барлығы зая кетуі мүмкін. Өзі қазір отбасымен баспана жалдап тұруға мәжбүр.

«Бұрынғы үйімді сатып жібердім. Ақшам жетпеген соң, банкке барып несие рәсімдедім. Жаңа үй ғой деп осы жерден үш бөлмелі пәтер алдым. Шынын айтайын қазір өз ісіме өкініп отырмын. Тым құрығанда жылу мен су болса ішке кіріп алар едік қой. Үйдің сырты бүтін көрінгенімен ішіндегі проблемалары бастан асып жатыр. Олардың барлығына көз жұма қарауға дайынбыз. Өзі коммуналдық желілерді тартып берсе болды. Бірақ, мұндағы құрылыс алаңында еңбек етіп жүрген адамдарды да көрмейсің. Өкінішті, әрине. Қазір мен айына шамамен 120 мың теңге көлемінде ипотека төлеймін», - дейді Дәурен Баймұратов. 

Бұл – коммерциялық үй. Құрылыс жұмыстарын жергілікті компания «Альфа-Север» ЖШС жүргізді. Жоба құны 750 миллион теңге. Бір қызығы үйге инженерлік желілерді тарту жұмысы бөлек жоба ретінде жүзеге асырылып жатыр. 

«Мұнда 67 пәтер бар. Оның барлығы дерлік сатылды. Азаматтардың барлығының құжаттары дұрыс. Әділет департаментінде тіркелді. Мен өзімнің жұмысымды толық атқардым. Қателеспесем  мына маңда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлер де бар. Сондықтан инженерлік желілер сол үйлердің барлығына бірден тартылуы керек болған еді. Алайда конкурсты ұтып алған мердігер бұл жүмыстарға тек тамыз айының соңында ғана кірісті. Бүгінде қателеспесем жұмыстың тек 20% ғана атқарылды. Ал, жылудың уақытылы қосылмауына себеп бар. Жоба бойынша үш үй осы маңдағы трассадан жылуға қосылуы керек болатын. Ал, қазір басқа магистралға жалғанайын деп жатыр»,- дейді «Альфа - Север» ЖШС директоры Андрей Капустин.

ӘКІМДІК МӘСЕЛЕНІ 1 АЙДА ШЕШУГЕ УӘДЕ ЕТТІ

Қалалық әкімдік өкілдері кеткен кемшіліктерді мойындап отыр. Сондықтан тұрғындарға келер айдың соңына дейін барлық олқылықтардың орнын толтырамыз деп тағы бір мәрте уәде етті.

«Бұл аумаққа инженерлік желілерді тарту үшін конкурсты «Энерджи –Тараз» ЖШС ұтып алды. Келісім бойынша олар қараша айының соңына дейін барлық шаруаны атқарып үлгерулері тиіс. Өйтпеген жағдайда біз шағым түсіреміз. Тіпті айыппұл салынуы мүмкін. Бірақ жасыратыны жоқ, мердігер ауланы абаттандыруды биыл үлгермейді. Күн суытты, бірер аптадан соң қар түседі. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты ол келер жылға қалады. Қазір су тарту жұмыстары 80% атқарылды. Ал жылуға келетін болсақ, «Петропавл жылу желілері» компаниясымен жақында ғана арнайы келісімшарт жасалды. Одан бөлек мердігер өз қаржысына уақытша қазандық орнатты. Сондықтан қарашада жылу да беріледі деген жоспар бар. Ал кәріз жүйесінің құрылысы енді басталып жатыр. Сондықтан бәрі ойдағыдай болса, келер айдың соңында, проблемалар толығымен шешіледі деген ойдамыз»,- дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Мұндай тұрғын үйлер қаланың басқа аудандарында да бар. Бүгінде Петропавл орталығында 14 мыңнан астам адам қалалық әкімдікте пәтер кезегінде тұр.