Қостанайда ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні аталып өтті

Автор: Аягөз Құрмаш

Салтанатты шарада сала өкілдері марапатталды

Қостанайда ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні аталып өтті. «Жастар сарайы» концерттік залында өткен шараға облыстың барлық жетекші аграршылары, қайта өңдеу және азық-түлік кәсіпорындарында, сондай-ақ мал шаруашылығында жұмыс істейтін мамандар қатысты. Сондай-ақ үздік агрономдар, механизаторлар, егін және мал өсірушілер, мал шаруашылығы мамандары, мал дәрігерлері, шаруа қожалықтары мен кәсіпорын басшылары да келді.

Салтанатты шараны Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов ашты. Спикер ауыл шаруашылығы маусымының қорытындылары мен өңдеу өнеркәсібінің экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Әбенов өз баяндамасында ауыл шаруашылығы өнімін арттырудың негізгі факторларының бірі ауа райының қолайлы болуы екенін атап өтті.

«Егін жинауға дейін майлы дақылдардың 60 пайызының өнімі жақсы болды. Биыл 5 млн тонна көлемінде астық жиналды. Қостанайлық нанның жалпы өнімі Қазақстан бойынша екінші орында тұр. Ең көп өнім Сарыкөл, Ұзынкөл, Алтынсарин және Қарасу аймақтарында өндірілді. Қазір майлы дақылдарды жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 748 мың гектар егіс алқабының 700 мың гектары жиналды», - деді Арман Әбенов.

Сондай-ақ Қостанай облысы әкімінің орынбасары соңғы жылдары өңірде әлеуметтік маңызы бар дақылдарға көп көңіл бөлініп жатқанын айтты.

Мәселен, биылдың өзінде 16 мың гектардан астам алқапқа қарақұмық егіліп, одан 10 мың тонна дәнді дақыл алынды. Қостанай облысы өзі өндіретін қарақұмықпен толық қамтамасыз етілген.

Өңірде тауарлы сүт ферма саны артып келеді. Қазіргі уақытта Қостанай облысында 60 ТСФ бар, екі ірі ферма биыл ашылды. Алдағы уақытта осындай тағы екі шаруашылық пайда болады.

Экспорттың ең жоғары көрсеткіштері мына өнімдерге тиесілі: ұнға – 51%, жарма – 27,9%, дәнді дақыл – 19,2%, сүт – 16%, кондитерлік өнімдер – 13,2%.

Өз кезегінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Ол кәсіпкерлердің ерекше еңбегіне тоқталып, олардың әрқайсысының өңірдің дамуына қосқан үлесін атап өтті.

«Елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етуде Қостанай облысының үлесі зор. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Қиын әрі қызықты жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Мақсаттарыңыз орындалсын. Бүгін еңбек ардагерлеріне бөлек алғыс айтқым келеді. Жас мамандарға мықты тірек болып, құнды кеңестер мен қолдау көрсетіп келесіздер. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық тілеймін. Баршаңызға мереке құтты болсын» – деді құттықтау сөзінде Архимед Мұхамбетов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ерекше еңбек сіңірген диқандар мен өндіріс қызметкерлерін марапаттады. Кәсіпкерлерге Қостанай облысы әкімдігінің және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары табысталды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоғары наградасымен марапатталғандардың бірі – Жангелді ауданының кәсіпкері Болат Сералин. Ер адам ауыл шаруашылығы саласында 16 жылдан бері жұмыс істейді.

«Еңбектің еленгені қуантады.  Бұл жұмыс істеуге, әрі қарай дамуға ынталандырады. Дәнді дақылдан биыл жақсы өнім алдық. Бір орында тұрған жоқпыз, келесі жылы егіс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Алтынсарин ауданынан келген жас кәсіпкер Аслан Шамухан облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Оның кәсібі технологиялық дамыған кәсіпорындардың бірі, ал кәсіпкердің өзі аграршылар әулетінен шыққан.

«Өсімдік, астық және майлы дақылдар шаруашылығымен айналысамыз. Бір апта бұрын тазалауды аяқтадық. Біз арамшөптерге қарсы соңғы үлгідегі химикаттар мен жоғары сапалы тыңайтқыштарды қолданамыз. Биыл 6,5 мың гектарға егін егіп, орта есеппен гектарынан 16 центнерден өнім алдық. Келер жылы кәсіпорынды кеңейтіп, етті мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін біз барлық қажетті инфрақұрылымды дайындап қойдық, соның ішінде кәсіпорын қызметкерлеріне жағдай жасау да бар»,– дейді «Балталы LTD» ЖШС директоры Аслан Шамухан.

Іс-шарада 3 «Еңбек ардагері» медалі, 6 «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» белгісі және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 16 Құрмет грамотасы табыс етілді. Шара соңы үлкен концертке ұласты.Қазақстанда ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні 24-ші рет мерекеленіп отыр.