Петропавлда газ құбыры бұрандаларын адам 2,4 жылға сотталды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Құбыр бұрандаларының ең арзанының құны 11 200 теңгеден басталады

Петропавлда көпқабатты үйлерге жалғанған газ құбырлары бұрандаларының ұрлығы өршіп тұр. Салдарынан көгілдір отын ауаға таралып, қаланың жекелеген аудандарын жағымсыз иіс жайлады. Жаз мезгілінен бері 30 болат гайка ұрлығы тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Әсіресе тамыз айында Петропавл тұрғындарын қаланың жекелеген аудандарында шыққан газдың иісі алаңдатты. «Горгаз-сервис» ЖШС мамандарының тексеріс нәтижесінде көптеген үйлерге көгілдір отын жеткізетін газ құбырларында қола бұрандалардың жоғалғанын көрсетті. Олардың ең арзанының құны 11 200 теңгеден басталады. Ұрлық әсіресе «Береке» және «Жас өркен» аудандарында, қала орталығында жиі тіркелген. Қаланы газбен қамтушы серіктестіктің қауіпсіздік қызметіне жүгінгеннен кейін полицейлер іске кірісті. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған дерекке қала маңындағы елді мекеннің 26 жастағы тұрғынының қатысы бары анықталды. Бұған дейін ол қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ұрланған заттың бір бөлігі металл қабылдау орнынан тәркіленді. Күдіктінің сөзінше ол гайкаларды қолмен бұрап көрген. Оңай ашылғаннан кейін бұралғандарын иемденіп отырған. Кейін металл қабылдау пунктеріне өткізіп, оңай олжа тапқан. Тергеу кезінде газдың таралуы жайлы мүлдем ойламағанын айтқан. Тұрғындардың қырағылығының арқасында газ құбырынан өрт шығу фактілері тіркелген жоқ.

«Осы істе барлығы 30 эпизод болды. Кәсіпорын тарапынан сомасы 896 мың теңгеге талап-арыз берілді. Қазіргі уақытта материал ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 2-бөлігі «Ұсақ ұрлық» бойынша, сондай-ақ ҚР ҚК 188-бабы 3-б. «Ұрлық» бойынша сотқа тапсырылды. Бірер күн бұрын ер адам 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру жазасына тартылды», - дейді Петропавл қ. ПБ тергеу бөлімінің бастығы полиция майоры Нұржан Омаров.