СҚО-да сібір елігін атқан браконьерлер ұсталды
4 күдіктінің үшеуі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, біреуі полиция қызметкері екендігі жайында ақпарат тарады
Солтүстік Қазақстан облысында сібір еліктерін атқан браконерьлер ұсталды. 4 күдіктінің үшеуі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, біреуі полиция қызметкері екендігі жайында ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қызылжар ауданының полициясына «KIA SORENTO» жол талғамайтын көлігін мінген бейтаныс адамдардың Жалтыр көлі маңында жануарлардың етін мүшелеп жатқаны туралы ақпарат түскен. Полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы төрт ер адамды ұстады. Анықталғандай, ұсталғандар екі сібір елігін атып алған.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері оқиға орнынан екі пышақ, «Вепрь» маркалы карабиндер, тегіс ұңғылы мылтық, патрондар тәркіледі.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 337-бабының 4-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сараптамалар тағайындалды. Істің мән-жайын жан-жақты зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады.
СҚО Полициясының баспасөз қызметі 4 браконьердің ұсталғанын растады. Алайда олардың құзырлы орган қызметкерлері екенін растаған жоқ. Дегенмен жоққа да шығармады. Айтуларынша күдіктілердің қайда қызмет етіп жүргені анықталуда.
Тәртіп сақшылары өңірде браконьерлік фактілері жиілегенін атап өтті. Жуырда Жамбыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері бағалы табиғи ресурс - Artemia salina шаяндарын заңсыз аулаудың жолын кескен болатын. Шаян араласқан 40 қап құм тәркіленді. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы 3-бөлігі «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу» бойынша Тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Автокөліктері арнайы тұраққа қойылды.