Ағылшын тілінен аударғанда комплаенс (Compliance) «сәйкестік» деген мағынаны білдіреді
Елімізде соңғы жылдары жаңа қызмет түрі қарқын алып, дамып келеді. Қазақстанға шетелдік компаниялар арқылы жеткен комплаенс-қызметі бүгінде квазимемлекеттік, ұлттық компаниялардың жанында жұмыс істейді. Жалпы бұл саланың ел дамуы жолында қаншалықты маңызы бар? Жаңа сала қандай проблемалардың алдын алуға септігін тигізеді? Біз осы орайда комплаенс-қызметінің басы-қасында еңбек етіп жүрген мамандардың пікіріне жүгініп көрдік.
«Самұрық Қазына» Акционерлік қоғамының Комплаенс қызметінің басшысы Дәурен Ақшалов саланың қызметін түсіндіріп, маңызды тұстарына тоқталып өтті.
«Ағылшын тілінен аударғанда комплаенс (Compliance) «сәйкестік» деген мағынаны білдіреді. Қызметтің бұл түрі шетелде компаниялардың заңнамаларға және ішкі құжаттарға сәйкестігін тексеріп, қадағалап отырады. Комплаенстің ең бірінші мақсаты компанияның заңды бұзу фактілерінің алдын алу және тәуекелдерді болдырмау болып саналады.
Ал Қазақстанға бұл қызмет шетел компаниялары арқылы жетті. Қазір бізде мемлекеттік секторда пайда болған комплаенстың негізгі бағыты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, Әдеп кодексіне сәйкес жұмыс істеу», - дейді Дәурен Ақшалов.
Дәурен Ақшалов сөз арасында комплаенстің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына арнайы енгізілгенін қозғап өтті.
«2020 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына сәйкес комплаенс-қызметі әрбір квазимемлекеттік компанияларда болуы тиіс. Комплаенс қызметкерлері өз жұмысында тәуелсіз, тек директорлар кеңесіне бағынышты», - дейді Дәурен Ақшалов.
Осы тұста комплаенс-қызметінің мамандары Антикор қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, заңсыздық болып жатса тиісті органдарға дереу хабарлай ала ма деген заңды сауал ойға келеді. Бұл ойымызға аталмыш қызметтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына арнайы түрде енгізілгені де себеп болып отыр. Осы ойымызды жеткізгенде сала маманы сұрағымызға былайша жауап берді.
«Заңға сәйкес және компанияның жарғысы бойынша қандай да бір қылмыс немесе заңсыз әрекет болған жағдайда оны құқық қорғау органдарына хабарлау бірінші басшылардың құзырына кіреді.
Комплаенс-қызметі компанияның жұмысы бойынша қандай да бір заңдылықтың (сыбайлас жемқорлықа қарсы заңын қоса алғанда) бұзылу тәуекелдерін алдын алу, енгізілетін заңнамалық өзгеріс компанияның жұмысына қаншалықты әсерін тигізеді, ол жерде заң бұзатын қандай әрекеттер бар – міне осының бәрін бірінші басшыға және директорлар кеңесіне баяндап отырады. Тиісінше өзінің ұсыныстарын да хабарлайды», - дейді «Самұрық Қазына» Акционерлік қоғамының Комплаенс қызметінің басшысы Дәурен Ақшалов.
Елімізде жаңадан қанат қағып келе жатқан бұл саланың кемшін тұстары да жоқ емес. Сарапшы Денис Примаков елде мамандардың аз екенін қозғап өтті.
«Квазимемлекеттік сектордағы компанияларға көз жүгірту мысалына (жобаны құқықтық бастамаларды зерттеу орталығы және Казбар бірлесіп жүргізеді) және комплаенс офицерлермен өткен сұхбаттан адами ресурстар жетіспейтінін көріп отырмыз. Өз кезегінде бұл комплаенс бағдарламасының тиімділігіне де әсер етеді», - дейді ол.
Сарапшы сөзіне дәлел ретінде мына бір мәліметті қозғап өтті. Айтуынша төрт мыңнан астам қызметкері бар кейбір компанияларда бір ғана комплаенс офицері бар екен. Ал жұмыстың өнімділігіне, тиімділігіне мамандардың жетіспеушілігі әсер етпек. Ол осы бағытқа көбірек көңіл бөліну керек екенін атап өтті. Мақсат - жоғарыда аталған түрлі жауапкершіліктің мінсіз орындалуы.
Өзінің ұсынысы бойынша мамандар санын былайша арттыру қажет: 1000 қызметкері бар квазимемлекеттік сектордағы ұйымға 1 комплаенс офицері жауапты болуы қажет. Ал компанияның қызметкерлер саны одан жоғары болса тиісінше комплаенс маманы да көбірек болуы қажет.
Денис Примаков сөз соңында осы саладағы тәжірибелі мамандарға тоқталып өтті. Бұл қызметтен хабары жоқ адам жұмыстың тиімділігіне де айтарлықтай әсер ететінін мәлім етті.
Сөз соңында айтарымыз, дүние жүзіндегі тәжірибеге көз салсақ, бұл қызмет АҚШ пен ЕО елдерінде ерекше дамыған. Әлемдік тәжірибеде бұл қызмет тіпті нәсілдік және жыныстық кемсітушіліктердің алдын алу секілді мәселелерді де қамтиды. Сол себепті бұл бағыт елімізде қанатын кеңге жаяр болса жемқорлықтың да, өзге де заңсыздықтардың алдын алуға болады.