Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентімен кездесті
Екі ел арасындағы тауар айналымы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 17,7 пайызға өскен
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа ілтипат білдіріп, Астанада өтетін маңызды жиынға қатысу үшін арнайы келгеніне ризашылығын білдірді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
– Сіздің бұл сапарыңыз маңызды. Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі ілгерілету мақсатымен екі жақты кездесу өткізіп отырмыз. Мемлекеттеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы жетістіктеріміз еселеніп, екіжақты серіктестігіміз қарқынды дами береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Садыр Жапаров бүгінгі маңызды кездесуге шақырғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
– Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес Президентінің бірінші кездесуіне қатысу үшін Астанаға келгеніме қуаныштымын. Біз қырғыз-қазақ қарым-қатынасын жоғары бағалаймыз. Осы сәтті пайдалана отырып, мемлекеттеріміздің арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтаймын, – деді Садыр Жапаров.
Мемлекеттер басшылары екі ел үкіметтерінің сауда саласында бірлесе атқарып жатқан жұмыстарының оң нәтижелерін жоғары бағалады. Екі ел арасындағы тауар айналымы былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 17,7 пайызға өскен. Екіжақты сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізу мақсаты жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ тараптар қазақ-қырғыз қатынастарының көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық аспектілерін талқылады.