Қазақстанда пойыздағы төменгі орындардың бағасы қымбаттайды

Автор: Azattyq Rýhy

Мұндай бастама қазірше бес бағыттағы пойыздарда пилоттық режимде жұмыс істейтін болады

Фото: ашық дереккөзден

2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап қазақстандық пойыздардағы төменгі орындардың бағасы үстіңгі орындардан 20%-ға қымбат болады. Мұндай бастама қазірше бес бағыттағы пойыздарда пилоттық режимде жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

«Пилоттық режимде «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2022 жылғы 1 желтоқсаннан бастап 2023 жылғы 28 ақпанға дейін жөнелтілетін  коммерциялық пойыздар вагондарындағы жоғарғы және төменгі орындарға жол жүру құнына сараланған тәсілді енгізеді. Жоғарғы және төменгі орындар арасындағы жол ақысының айырмашылығы 20% құрайды”, - делінген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз хабарламасында.

Жоба вагондағы орындарды біркелкі бөлу, сондай-ақ жолаушылардың төменгі орындарға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылады.

Сараланған тәсіл келесі жолаушылар пойыздарында қолданылады:

1. № 111/112 «Алматы – Маңғыстау»;

2. № 51/52 «Алматы – Орал»;

3. № 105/106  «Алматы-Петропавл»;

4. № 71/72 «Астана-Шымкент»;

5. № 29/30 «Алматы-Атырау».

Еске салайық, 2021 жылдың қазан айында Қазақстанда әйелдер вагоны шығарылған болатын. Бастапқыда онда вагондар екі: Алматы – Өскемен және Алматы – Маңғыстау бағытында іске қосылған еді.. 2022 жылдың ақпан айынан бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ тұрғындардың сұранысын ескере отырып, әйелдер вагонын тағы алты бағытқа шығару арқылы олардың санын көбейтті.