Риддерде ЖЭО-да мазут пен су араласып, қала тұрғындары жылусыз қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Облыс прокуратурасы Риддер ЖЭО басшылығының немқұрайлылық фактісі бойынша жедел тергеу бастады

Риддерде төтенше жағдай. ЖЭО-да штаттан тыс жағдай орын алуына байланысты қазандықтардың жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Риддер қаласында қолайсыз жағдай орын алды. Риддер ЖЭО басшылығы мазуттың сапасын бақыламай, ол сумен араласып, нәтижесінде жылу станциясының қазандықтары уақытша тоқтады. Шұғыл түрде менің басшылығыммен жедел штаб құрылды», - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Аймақ басшысының айтуынша, қазір "Қазмырыш" ЖШС-нің Риддер қаласындағы қоймаларынан жылу станциясының жұмысын қалпына келтіру үшін ЖЭО-ға бірден 60 тонна мазут жіберілді. Өскемен ЖЭО қосымша арнайы машиналармен қалаға 70 тонна мазут жібереді. 4 сағаттан кейін отын жылу көзінде болады. Сонымен қатар 25 қазан түнгі сағат бірде қалаға тағы қосымша 6 цистерна мазут келеді.

«Бұл отын көлемі жылу станциясының 100 күндік үздіксіз жұмысына жеткілікті. Облыс прокуратурасы Риддер ЖЭО басшылығының немқұрайлылық фактісі бойынша жедел тергеу бастады. Сондай-ақ, менің орынбасарым Е. Нұрбаев Риддер қаласында. Қала тұрғындарынан уайымдамауды және тыныштықты сақтауды сұраймын, жағдай менің жеке бақылауымда. Жақын арада ЖЭО қазандықтарын іске қосу алгоритмі әзірленіп, қала тұрғындарына ұсынылады», - деді Даниал Ахметов.

Естеріңізге саламыз, Риддер қаласында  23-қазан күні сағат 12:30-да №3 қазандық істен шыққан болатын.