Астанада қала тұрғынынан ірі көлемде гашиш тәркіленді

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері елордада заңсыз айналымнан 250 келіден астам есірткі заттары тәркіленген

Фото: ашық дереккөзден

Елордалық полицейлер гашишті өткізу фактісінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Елорданың тұрғын үй кешендерінің бірінде есірткі сатушыны ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары өткізілді. Қала  тұрғыны белгісіз адамның үйінде есірткі сақтайтыны туралы полицияға хабарлаған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері елорданың 34 жастағы тұрғынын ұстады, одан салмағы екі жүз грамнан асатын "гашиш" тәркіленді.

«Тәркіленген есірткі заты буып-түйіліп, одан әрі сату үшін дайындалғаны анықталды. Сондай-ақ, тінту кезінде ер адамнан есірткі қалдықтары бар электронды таразы тәркіленді. Есірткіні сақтау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта құқықтық тәртіп сақшылары есірткі жеткізу арнасын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде», - деп көрсетті Астана қаласы Полиция департаменті.