Балаларға қол жұмсаған тәрбиешінің әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған
Павлодар облысында балабақшада балаға дене жарақатын салу фактісі бойынша тексеру басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
21 қазан күні Павлодар облысының Ақсу қаласы полициясына кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінен балаларға дене жарақатын келтірген №12 балабақшаның тәрбиешісіне қатысты шара қабылдау туралы ұжымдық өтініш келіп түсті.
Осы өтініш бойынша полиция тексеруді бастап, балабақшаға орнатылған камералардан бейнежазбалар алынды. Бейнені қарау кезінде балабақша қызметкері кәмелетке толмағандарды ұрып-соққаны анықталды. Аталмыш факті бойынша сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. 44 жастағы тәрбиешіге қатысты ҚР ҚК-нің 110-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Сондай-ақ тексеру нәтижелері мектепке дейінгі мекеменің басшысына қатысты тәртіптік шара қабылдау үшін облыстық білім басқармасына жіберілетін болады», - деп көрсетті Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.