25 қазан – Республика күні
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Баршаңызды еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ел егемендігіне қатысты айтылып жүрген кейбір алыпқашпа сөздерге пікір білдірді.
«Қазақта «Егемен болмай, ел болмас» деген терең мағыналы сөз бар. Кейде «Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады» деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі. Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары және зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Елдің рухын көтеретін астарлы көркем шығармалар жарық көрді. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді», - деді Қ. Тоқаев.