Биыл 13 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 101,2 мың қандас оралды
Жыл басынан бері 13 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 13 362 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 101,2 мың этникалық қазақ оралды.
«Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (68,7%) Өзбекстаннан, 10% – ҚХР-дан, 7,9% – Түркіменстаннан, 4,6% – Моңғолиядан және 8,8% - басқа елдерден», - делінген министрлік хабарламасында.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (29,9%), Маңғыстау (16,7%), Түркістан (9%) және Жамбыл (6,5%) облыстарына, сондай-ақ, Астана (7,8%), Шымкент (7,3%) және Алматы (5,8%)қалаларына қоныстанды.
«Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылардың саны 58,9%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші адамдар 27,5-ды және зейнеткерлер 13,7%-ды құрайды», - делінген хабарламада.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі бойынша 13,2%-ы жоғары білімді, 38,9%-ы арнайы орта білімді, 46%-ы жалпы орта білімді және 1,8%-ының білімі жоқ.