Ресей Украинаның астық экспортына қасақана кедергі жасап отыр – Зеленский
Шетел жаңалықтарына шолу
Украина президенті Владимир Зеленский видеомәлімдемесінде соғыстың тағы бір салдарына тоқталды. Оның айтуынша, Ресей Қара теңізде Украинаның астығын тасып бара жатқан 150 кеменің кезегін қасақана ұйымдастырған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Осы аптада астық экспортына қатысты жағдай күрделене түсті. Жауымыз біздің азық-түлік экспортын барынша тежеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Қазір біздің дәнді дақылдарды жеткізу бойынша өздеріне жүктелген міндеттемелерді орындау үшін 150-ден астам кеме кезекте тұр. Бұл – жаудың қасақана ұйымдастырған жасанды кезегі. Яғни, Ресей кемелерді әдейі ұстап тұр», - деп хабарлаған ВВС агенттігі Зеленскийдің сөзін келтіре отырып.
Айта кетейік, Түркия мен БҰҰ-ның делдалдығы арқасында Ресей мен Украина Қара теңіздің жағасындағы Украина кемелерін бұғаттаудан шығару жөнінде уағдалыстыққа қол жеткізген болатын. Алайда ол уағдаластықтың мерзімі қараша айында аяқталады.
РЕСЕЙ БІРНЕШЕ ЖУРНАЛИСТ ПЕН ПРОДЮСЕРДІ ШЕТЕЛ АГЕНТІ ҚАТАРЫНА ЖАТҚЫЗДЫ
Ресейдің Әділет министрлігі соғысқа қарсы өз көзқарасын танытқан азаматтарын ары қарай да шетел агенті деп жариялап жатыр. Бұл жолы журналист Михаил Зыгарь, Александр Плющев пен Татьяна Фельгенгауэр және продюсер Александр Роднянский шетел агенті деп танылды. Бұл туралы BBC жазады.
Айта кетейік, журналист Михаил Зыгарь бұрын көптеген ресейлік БАҚ-та жұмыс істеген, ал соғыс басталғалы бері YouTube-те өз каналын ашып, ашық пікірлерін айтып жүр. Шетел агенті тізіміне енген жеке тұлғалар арасында кино және телепродюсер Александр Роднянский, журналист Александр Плющев пен Татьяна Фельгенгауэр, сондай-ақ Украинаға эмиграцияланған Ресейдің бұрынғы депутаты Илья Пономарев те бар.
Естеріңізге сала кетейік, Ресей шоу-бизнесіндегі белгілі азамат Максим Галкин шетел агенті болып танылған соң, оның әйелі, атақты әнші Алла Пугачева да өзін шетел агенті деп тануды сұраған болатын.
ИТАЛИЯДА ТҰҢҒЫШ РЕТ ӘЙЕЛ ПРЕМЬЕР-МИНИСТР САЙЛАНДЫ
Бүгін, 22 қазанда Италияның жаңа үкіметі ант береді. Бүгіннен бастап Джорджа Мелони Италия министрлер кеңесін басқарады. Бұл туралы Euronews.com агенттігі жазады.
Парламент сайлауында жеңіске жеткен «Италия бауырлары» ультраоңшыл партиясының лидері Джорджа Мелони министрлер кабинетін жасақтау мандатына ие болды.
Джорджа Мелони бірқатар министрлерді таныстырып үлгерген. Мәселен, «Лига» партиясының көшбасшысы Маттео Сальвини инфрақұрылым және көлік министрі болады. Консерватор Раффаэль Фитто Еуропалық ықпалдастық мәселелері жөніндегі министр болмақ.
@Giorgia Meloni в Twitter