Жетісу облысының тұрғыны өзіне тиесілі емес жерді сатқан
Жәбірленушілерге келтірілген залал әзірге 9,2 млн теңгені құрайды
Жетісу облысының тұрғыны өзіне тиесілі емес жерді сатқан, деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған полицейлері ірі алаяқтық жасады деген күдікпен 40 жастағы ер адамды ұстады. Ұсталған адамның әрекетінен алты адам зардап шеккен. Олар тиісті арызбен қалалық полиция бөліміне жүгінді. Жәбірленушілерге келтірілген залал әзірге 9,2 млн теңгені құрайды.
«Сарқан ауданының тұрғыны болып шыққан күдіктінің жәбірленушілерге облыс орталығы аумағында және оның шетінде жер учаскелерін көрсетіп, олардың әрбіріне 10 соттық жерді 400 мың теңгеге сатып алуды ұсынғаны анықталды. Ер адам жәбірленушілерге әкімшілікпен іскерлік байланысы бар деп және жақын арада учаскелерді халыққа беруді жоспарлап отыр деп сендірген. Қазір күдіктінің қандай да бір мемлекеттік органдарға қатысы бар-жоғына тексеру жүргізілуде», – деп хабарлады қалалық полиция бөлімі.
Барлық тіркелген фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабында (Алаяқтық) көзделген тергеу амалдары жүргізілуде.