Биыл аймақта егілген 5,5 мың гектар тәтті түбір алқабынан 214, 4 мың тонна өнім жиналады деп жоспарланған
Жамбылдық шаруалар қант зауытына қызылша өткізе алмай отыр. Олар Меркі ауданындағы қант қызылшасын өңдейтін зауыт тәтті түбірді қабылдамай жатқанын айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Бұл жағдайдың видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Автордың айтуынша, қант зауыты алдында қызылша артқан жүк көліктері ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Дихандар жаздай еткен еңбектің жемісі құрып кете ме деп қауіптенеді.
«Қызылшаны шаруалар жинап үлгермей, өнім далада шіріп жатыр. Мынау зауыт болса қабылдамайды. Елімізде қант тапшылығы қайдан деп таңғаламыз. Осындайдың кесірі. Шара қабылдау қажет», - дейді видео авторы.
Түйткілді естіген бойда ауданға облыстық әкімдіктің жауапты мамандары жетіп барыпты. Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, мәселе зауыттағы құрал-жабдықтың істен шығуынан туындаған.
«Қант қызылшасын қабылдайтын үлкен аппараттардың үшеуі бірден бұзылған. Содан осындай жағдай болып отыр. Қазір қосалқы бөлшектер жеткізіліп, жөндеу жұмыстары қолға алынды. Кезек ақырындап азайып келеді», - дейді ол.
Биыл аймақта егілген 5,5 мың гектар тәтті түбір алқабынан 214, 4 мың тонна өнім жиналады деп жоспарланған екен.