Ту 3000 метр биіктікке тікұшақ арқылы көтеріледі
Биыл тұңғыш рет кең ауқымда тойланатын Республика күніне орай елдегі ең үлкен байрақ көкке көтерілмек. Аспанда ұшырылатын көк тудың көлемі футбол алаңындай болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
800 шаршы метрге жететін тудың желбіреуін халық Іле Алатауының баурайынан байқай алады. «Ашық аспан» акциясы атты іс-шара барысында ту 3000 метр биіктікке тікұшақ арқылы көтеріледі. Кейін туды парашюттен әлем рекордсменінің бастауымен арнайы топ тікұшақтан секіру арқылы көкте қалықтатады.
«Астананың басты ту бағанасында ілінген тудың ауданы 450 шаршы метрге тең. Осы жолы көкте қалықтайтын тудың көлемі 800 шаршы метр. Байрақ Республика күніне орай арнайы әзірленген. Алып байрақты көкке алып ұшудың нәтижесі Қазақстанның рекордтар кітабына енеді. Тумен секірудің биіктігі 3 шақырымды құрайды. Іс-шараны ұйымдастырудың басты мақсаты –қазақстандықтардың патриоттық рухын нығайту, сондай-ақ ұлт болып бөлінбей, бір-біріне деген толерантты қарым-қатынас пен бейбіт аспан концепциясын қолдау болып саналады», - деді ұйымдастырушы Альмира Марден.
Іс-шараның басты ұраны — «Ашық Аспан», яғни қазақстандықтардың тұтастығын, бейбіт аспан астындағы тыныш өмірдің идеясын қамтиды. Одан бөлек бейбітшілікті сақтау мен Қазақстан Республикасы тұрғындарының әл-ауқатын одан әрі арттыруды білдіреді. Мерекелік шара 22 қазанда Алматы облысының Байсерке аэродромында өтеді.