Қазір ол 182 теңгеден сатылып жатыр
ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте АИ-92 жанармайының бағасы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«АИ-92 жанармайы бойынша біз бағаны ұстап тұрмыз. Қазір басты мақсатымыз – осы. Біз бір ғана реттеуді енгіздік, оның бағасы бұйрыққа сәйкес 182 теңге маңайында бекітілді. Кейбір өңірде ол 187 теңге көлемінде бекітілді. Мысалға ШҚО-ны алайық. Мұнай өңдеу зауыттарынан шалғай орналасқан өңірлер бар. Ондай аймақтарға жанармай тек көлікпен ғана жеткізіледі. Яғни, ол жерлерде теміржол жоқ. Біз ондай өңірлерге бағаны 187 теңге етіп бекітуге рұқсат бердік. Себебі жанармайды шығынсыз жеткізу керек. Қазір бізде АИ-92 жанармайын арзандату емес, оның бағасын ұстап тұру мәселесі тұр», - деді Ақшолақов.
Министр атағандай, егер жанармайдың бұл түрін арзандатса, оны жаппай сатып алу болып, аталған жанармай түрінің тапшылығына алып келуі мүмкін.