Оның айтуынша Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің зейнет жасы теңесуі керек
Заңгер Бағдат Амандосұлы ер мен әйел кісілердің зейнетке шығу жасы тең болуы тиіс деген ойын жеткізді. Оның айтуынша, дәл сол кезде азаматтардың конституциялық құқығы толық сақталады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«ҚР Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 11-бабына сәйкес ерлер үшін зейнетке шығу жасы – 63 жас, әйелдер үшін қазіргі уақытта – 60,5 жас.
«Аталған заңға сай әйелдердің зейнетке шығу жасын кезең-кезеңімен 2018 жылдан бастап 2027 жылға дейін яғни, 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға ұлғайту көзделген.
Яғни, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы – 63 жас. Бұл дегеніміз ерлер де әйелдер де зейнеткерлік жасының деңгейі 63 болып теңеседі деген сөз. Бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкес заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген қағидаға сәйкес келеді.
Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз деп айтқаны бәрімізге мәлім. Осы тұрғыдан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырылуы байқалатыны қоғам тарапынан мемлекетке деген сенімділікті арттырады.
Әрине жоғарыдағы заңның аталған бабы өзгеріске ұшырайтыны сөзсіз. Дегенмен зейнеткерлік жас деңгейін анықтауда азаматтардың жасына, жынысына тағы да басқа белгілеріне байланысты кемсітуге тыйым салынғанын ескерсек, онда әйелдер мен ерлер арасындағы зейнеткерлік жас деңгейі бірдей болуы қажет.
Мәселен, АҚШ заңнамасында зейнеткерлік жас деңгейі азаматтардың жынысына қарамайды.
Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 2021 жылы 70 жас болғанын ескерсек, онда еліміздегі ерлердің де зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейіне төмендету өте орынды болар еді», - дейді заңгер Бағдат Амандосұлы.
Заңгердің айтуынша азаматтар зейнет жасына жетсе де, заңды жұмысын жалғастыра алатынын, оларға ескертпестен, арнайы комиссияның шешімінсіз ешқандай жұмыс беруші жұмыстан шығара алмайды.
«ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзудың негізі ретінде зейнеткерлік жасқа толған болса, бірақ тараптардың өзара келісімі бойынша еңбек шартының мерзімін жыл сайын ұзартуға құқығы бар. Дегенмен еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу тәртібіне сәйкес егер еңбек, ұжымдық шарттарда хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, жұмыс беруші Еңбек кодексінің 52-бабы бойынша еңбек шартын бұзу кезінде шартты бұзу туралы жұмыскерді кемінде бір ай бұрын хабардар етуге міндетті. Еңбек шартын жұмыскердің келісімімен бұзу хабардар ету мерзімі өткенге дейін жүргізілуі мүмкін. Яғни зейнеткерлік жасқа толуына екі жылдан аз уақыт қалған жұмыскерлермен еңбек шартын жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдерінің тең санынан құрылған комиссиясының оң шешімінсіз бұзуға жол берілмейді», - деді заңгер Бағдат Амандосұлы.