Мереке күні қалада тұрғын үйлер және т.б. пайдалануға беріледі
Елімізде 25 қазан күні Ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне елордада балалар мен оқушыларға арналған арнайы тақырыпқа бөлінген көрмелер, еліміздің өткен тарихы туралы танымдық сағаттар, концерттер, қойылымдар, спорттық біріншіліктер және т.б. өткізіледі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 маусымда Ұлттық құрылтайда Республика күні мәртебесін қайтаруды және оны ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды. Ұлттық мереке тұжырымдамасы негізінде қалалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Оған сәйкес 200-ден астам маңызды, әртүрлі форматтағы іс-шаралар жоспарланып отыр, олардың жартысы бүгінге дейін өткізілді. Мереке аясында елордада және әр ауданда әр түрлі саланың еңбек сіңірген қызметкерлері, еңбек ардагерлері, батылдық танытқан азаматтар марапатталады. Сонымен қатар, мереке күні қалада тұрғын үйлер және т.б. пайдалануға беріледі.
Бұл күндері білім беру ұйымдарында дөңгелек үстелдер, пікірталас турнирлері, көрмелер, танымал адамдармен кездесулер, конференциялар, шығармашылық конкурстар, эсселер мен оқырмандар конкурстары өткізіледі.
Қосымша білім беру мекемелері Республика күніне орай «Туған елім – Қазақстаныма арнаймын» атты салтанатты концерт, жас суретшілердің «Қазақстанның болашағы бала көзімен» көрмесі, «Ән-жырым саған арналады» жас музыканттар байқауы сияқты іс-шаралар ұйымдастырды.
Ал 21 қазанда барлық білім беру мекемелерінде еңбек ардагерлерінің, Қамқоршылық кеңес өкілдерінің, депутаттардың, жауапты саяси қайраткерлердің қатысуымен салтанатты жиындар өтеді, оның барысында оқушыларды ерекше жетістіктері үшін, мұғалімдерді еңбегі үшін марапаттау жоспарланып отыр. Ал соңында Мемлекеттік Гимнді жаппай орындау бойынша акция өтеді.
Елорданың мәдениет мекемелері де ұлттық мерекеге орай арнайы бағдарламалар дайындады.
21 қазан күні сағат 11:00-де орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің тарихы туралы, патриоттық сезімді күшейту мақсатында «Егемендік күні – тарихи қадам» атты дөңгелек үстел өткізіледі. Іс-шараға кез келген адам қатыса алады.
Сонымен қатар, 22-30 қазан аралығында Астанада екінші рет «ТЕАТРALL» халықаралық театр фестивалі өтеді. Биыл ол республика күніне және театр мен киноның көрнекті режиссері, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Халық қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған.
Фестивальге 14 театр қатысады – 8 қазақстандық және 6 шетелдік. Театр апталығының салтанатты ашылуы 22 қазан күні сағат 19:30-да мемлекеттік драма және комедия театрында өтеді. Онда мэтр Әзірбайжан Мамбетов қойған Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі ұсынылады.
24 қазан күні сағат 19:00-де «Наз» мемлекеттік би театры «Республикам – Қазақстан!» концертіне шақырады.
«Қазақстан» орталық концерт залында 25 қазан күні сағат 18:00-де Республика күнін мерекелеу аясында Роза Рымбаеваның шығармашылығына арналған концерт ұйымдастырылады.
Сол күні сағат 16:00-де ЕХРО көрмесінің алаңында «Қазақстаным менің!» концерті өтеді.
Сонымен қатар, Бейбітшілік және келісім сарайында сағат 19:00-де «Мәңгілік ел дауысы» концерттік бағдарламасын тамашалауға болады.
24-25 қазанда қаланың дене шынықтыру және спорт басқармасы елордалық футбол федерациясымен және «Дәулет» теннис орталығымен бірлесіп, балалар жарысын өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ осы күндері Астана маңындағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінің аумағында ат спорты бойынша спорттық жарыстар өтеді. Айта кету керек, Ат жарысы Республика күніне – елде алғаш рет атап өтілетін ұлттық мерекеге орайластырылған.
Сонымен қатар, сол күні сағат 12:00-де «Қазанат» ат спорты кешенінде бәйге түрлері бойынша жарыстар өтеді. Аламан және топ-бәйге бойынша 20 және 14 км қашықтықтағы жарыстарға еліміздің 11 өңірінен, оның ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Павлодар, Жамбыл, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарынан 70 шабандоз қатысады.