Осы мақсатта 2 млрд теңге бөлінді
Алматыда қала мектептеріне 100 автобус сатып алынады. Олар келесі жылдың қаңтарынан бастап оқушыларды тасымалдай бастайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қала әкімімен кездесу кезінде тұрғындар оқушылар үшін автобустың қашан жүретінін сұраған еді.
«Өткен мәслихаттың отырысында бюджетке енгіздік. Осы жылы арнайы мектептерге 100 автобус сатып аламыз. Жалпы 2 млрд теңге бөлдік. Автобустарды 1 қаңтардан жібереміз. Қала бойынша әр 8 ауданнан 29 мектепті таңдадық. Бостандық ауданының әкімі берген тізім бойынша Әл-Фараби даңғылының жоғары жағындағы мектептерге таңертең жүретін болады», - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Azattyq Ruhy редакциясы арнайы автобустар берілетін 29 мектептің тізімін жергілікті әкімдіктен сұратты. Ал білім басқармасы нақты қай мектептердің оқушыларына мұндай мүмкіндіктің берілетінін айта алмады.