Жетісу облысындағы республикалық маңызы бар жолдарда 9 айда 61 адам қайтыс болды – Президент

Автор: Azattyq Rýhy

Ол адам өліміне соқтыратын жол апаттары жиілеп бара жатқанын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі жол проблемасын қозғап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық күре жолды жөндеу мәселесі өзекті болып тұр. Бұл – өте маңызды жол. Сондықтан, Үкімет пен әкімдікке ондағы күрделі жөндеу жұмысын алдағы 2 жылдың ішінде аяқтауды тапсырамын. Қажетті қаражатты шұғыл қарастыру керек.

Ең алдымен, жолдың сапасы жақсы болуы керек. Алайда, құрылыс та созылып кетпеуге тиіс. Бұл жергілікті жұрттың тұрмысына және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Облыстағы республикалық маңызы бар күре жолдарда болған жол апаттарынан 9 айда 61 адам қайтыс болды. Бұл – жан түршігерлік көрсеткіш», - деді Президент.

Сөзін жалғай отырып адам өліміне соқтыратын жол апаттары жиілеп бара жатқанын қозғап өтті.

«Елімізде жол апаттары, оның ішінде адам өліміне әкеп соқтырған оқиғалар көбейіп барады. Бұған еш жол беруге болмайды. Адам өліміне әкеп соқтырған әрбір жол апатын төтенше жағдай ретінде қарастыру қажет. Адам өмірі – біздің басты байлығымыз. Сондықтан, азаматтардың амандығы және қауіпсіздігі бірінші орында тұруға тиіс. Жол құрылысы кезіндегі жемқорлық пен селқостықты түбірімен жою үшін жүйелі шаралар қабылдау керек», - деді ол.