Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына жұмыс сапары басталды
Мемлекет басшысы сапар барысында өңір жұртшылығымен кездесті
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына жұмыс сапары басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы сапар барысында өңір жұртшылығымен кездесті.
«Жетісу облысының стратегиялық мағынасы баршаға белгілі, тарихы да терең. Киелі топырақта Балпық би, Қабан жырау мен Молықбай қобызшы дүниеге келген. Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Мұхаметжан Тынышбаев сияқты ардақты азаматтарымыз өсіп-өнген. Сондай-ақ, қасиетті жерден Әбілхан Қастеев, Ғали Орманов, Мұқан Төлебаев, Әнуар Әлімжанов сынды төл мәдениетіміздің көрнекті өкілдері шыққан. Ел ішінде бұл аймақты «Жетісудың жеті кереметі», «Жер жаннаты Жетісу» деп бекер айтпаған», - деді кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аймаққа инвестиция тартудың айрықша маңызды мәселе екенін атап өтті.
«Бұрынғы Алматы облысының жер көлемі тіпті үлкен болды. Біз жергілікті басқару ісін жетілдіру үшін облысты екіге бөлдік. Бұл – мұқият ойланып жасалған қадам. Себебі, бұл, ең алдымен, тұрғындар үшін қолайлы екені анық. Қазір Жетісудың әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға бюджеттен қаржы бөлініп, қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл шешім аймаққа инвестиция тартуға, инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді. Біздің басты мақсатымыз да – осы», - деді ол.
Президент Жетісу өлкесінің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте зор екеніне тоқталып, бос жатқан жерлерді халықтың игілігіне жаратуы керек екенін қадап айтты.
«Табиғаты – жайлы, жері – құнарлы. Мұнда жер де, су да жетеді. Тек оны тиімді пайдалану керек. Менің тапсырмам бойынша Үкімет биыл 5 миллион гектарға жуық бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Біз осылай ауылдардың маңындағы жер тапшылығы мәселесін шешеміз. Қайтарылған жер жергілікті шаруалардың арасында әділ бөлініп, берілуге тиіс. Бұл әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам болады. Бүгінде Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам игерілмей жатқан жер анықталды. Соның жартысы мемлекет меншігіне қайтарылды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет», - деді ол.