Екеуі де болашақта дипломат болуды мақсат етіп, бірнеше шет тілін меңгеріп жүр
Ақтауда тұратын Қасым мен Жомарт есімді егіздер жайында жазылған мақаланы оқыған Президент аттастарына хат жолдады. Егіздердің әкесі қуанышымен бөлісе отырып, бұл отбасы үшін күтпеген тосын сый болғанын айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 жастағы қос жеткіншекке ел үшін қызмет етер азамат болып, биік белестерді бағындыруды тілеген.
«Айналайын Қасым мен Жомарт, сендер туралы жақында хабардар болдым. Терең білім алып, үлкен дипломат болам деп алдарыңа биік мақсат қойыпсыңдар. Бұл – мемлекет мүддесі үшін аса қажет мамандық.
Мемлекетіміз, халқымыз үшін бар күшін салып қызмет ететін үлкен азамат болыңдар. Еліміздің келешегі – жастар. Сол үшін алғыр, ақылды, зерек, білімді болып өсіңдер. Өйткені бұл – зор жауапкершілік. Бүгінгі жасөспірім – ертеңгі ел иесі. Сендер қаншалықты білімді, білікті болсаңдар, еліміздің келешегі соншалықты кемел болады.
Зульфия әжелеріңнің, ата-аналарыңның, елдің үмітін ақтайтындарыңа кәміл сенемін. Өздеріңдей көп тіл білуді мақсат еткен, Отанын шексіз сүйетін жастардың өсіп келе жатқанына қуаныштымын. Әрдайым осындай белсенді, талапты болыңдар. Өмірде биік белестерді бағындыруларыңа тілектеспін!» - делінген хатта.
Мемлекет басшысынан арнайы хат алған Қасым мен Жомарттың қуанышында шек жоқ.
«Олар хатты қайта-қайта оқып, алған әсерін достарына айтып тауыса алмай жатыр. Президентіміздің берген батасы қабыл болсын!» - деді егіздердің әкесі Ерлан Мәуленов.
№11 мамандандырылған физика-математика лицейінің 8-сыныбында оқитын Қасым мен Жомартты сыныптастары үш жылдан бері «Президент» деп атайды екен. Мемлекет басшысының аттастары да мамыр айында туған. Екеуі де болашақта дипломат болуды мақсат етіп, бүгінде бірнеше шет тілін меңгеріп жүр.