Ақтөбеде тергеу изоляторының бұрынғы басшысы пара алғаны үшін сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты КА-168/3 (тергеу изоляторы) мекемесінің бұрынғы басшысы сотталушыдан 450 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық соттан мәлім еткендей, аталған оқиға 2022 жылдың 7 қыркүйегінде орын алған. Пара сотталушыны жазасын өтеу кезінде камералық үлгідегі үй-жайдан казармаға ауыстыру және болашақта оны жұмыспен қамтуы үшін берілген.

Сот отырысында сотталушы кінәсін толықтай мойындады.

«Сот Ә-нің сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық жасағанын ескере отырып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырды», – делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.