СҚО-да 24 жастағы қыздан аса ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіленді

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Ол 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Солтүстікқазақстандық полицейлер 24  жастағы қыздан аса ірі көлемде синтетикалық есірткі тәркіледі. Сараптама салмағы 49 грамм болатын синтетикалық зат мефедрон екенін көрсетті. Мамандардың айтуынша бұл мөлшер нашақорлыққа жарты миллион адамды тарту үшін жеткілікті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

СҚО аудандарының бірінде тіркелген 24 жастағы қыз Петропавлда жалдамалы пәтерде тұрып келген. Тәртіп сақшылары оның есірткіні сатуға қатысы болуы мүмкін екендігі туралы ақпарат алған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды. Жеке тінту кезінде одан кристалды зат салынған түйіншек тәркіленді.

«Күдіктіге қатысты күзетпен қамауға алу түрінде жаза тағайындалды. Тергеу жүргізу және жеке тінту кезінде жалпы салмағы 49 грамм мефедрон атауымен психобелсенді заты бар полимерлі пакет табылып алынды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді», - дейді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Бауыржан Әбділманов.

Күдікті қамауға алынды. Ол 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында есірткіні өткізудің 49 фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан 383 килограмнан астам түрлі есірткі заттары, оның ішінде бір жарым килограмнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

Тәртіп сақшылары бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жүргізілетінін атап өтті.