Әлихан Смайылов агрессорларды мәжбүрлеп емдеуге жіберу рәсімін жеңілдетуді ұсынды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол мектептерде сынып сағатын өткізу керегін де айтты

Фото ашық дереккөзден

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов министрліктер мен әкімдіктерге отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Ақпарат министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бойынша ақпараттық науқан жүргізуі қажет. Оқу-ағарту министрлігі балалардың бойына отбасына құрмет және үйдегі тәртіп ережелерін сіңіру үшін мектеп сағатын ойластырсын. Өңір әкімдіктері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс және уақытша бейімдеу орталықтарын, мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық мекемелер желісін    кеңейту шараларын қабылдауы тиіс», - деді ол.

Смайылов Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұрмысы нашар отбасыларды медициналық-әлеуметтік есепке алудың үлгілік қағидаларын әзірлеуді тапсырды.

«Әкімдіктермен бірге тәуекел тобындағы отбасыларды анықтап, олармен арнайы профилактикалық жұмыс жүргізу үшін Отбасының цифрлық картасының деректерін талдау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, мәжбүрлеп емдеуге жіберу рәсімдерін жеңілдетсін. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, құқық бұзушыларға психологиялық терапия шараларын қолдану бойынша ұсыныстар әзірлеу керек. Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеу аясында    халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізсін», - деп тапсырды Премьер-министр.