Фотокөрменің мақсаты – волонтерлердің қызметін насихаттау
Астанада «Керуен» сауда орталығында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Біздің волонтерлер» фотокөрмесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев «Жастар Рухының» волонтерлері әрқашан алдыңғы қатардан табылатынын атап өтті. Ал осы фотокөрменің басты мақсаты – тұрғындар арасында волонтерлердің қызметін насихаттау.
«Төтенше жағдай кезінде волонтерлер зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін тәулік бойы жұмыс істеді. Жақында Қостанай облысында жүздеген отбасы өрттен зардап шеккен кезде еріктілеріміз еліміздің барлық өңірінде гуманитарлық көмек жинады. Әулиекөл ауданында 300-ден астам волонтер жұмыс істеді. Олар азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды таратуға, қалпына келтіру жұмыстарына, үйінділерді сұрыптауға, аумақты тазалауға жұмылдырылды. Волонтерлеріміз ардагерлер мен қарияларға жүйелі түрде көмектеседі. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, ерекше қажеттілігі бар балдырғандарға арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырады. Ең бастысы – мұның бәрі тегін атқарылады. Себебі бұл – волонтерлердің жүрек таңдауы», – деді Нұржан Жетпісбаев.
Көрме 4 негізгі блокқа арналған. Яғни, «Арыспен біргеміз», 2019 жылы маусымда әскери бөлімде өрт салдарынан бірнеше жарылыс болды. «Мақтааралға көмек», 2020 жылы мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуына байланысты Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылды су басты. Сондай-ақ, коронавирус пандемиясының ауыр кезеңінде, яғни 2020 жылы жазда карантин жарияланған кезде әлеуметтік тұрғыда осал отбасыларға медициналық маскалар мен азық-түлік жиынтықтарын таратуға арналған «Biz Birgemiz» ауқымды акциясы қолға алынды. Өткен айда Қостанай облысында өрт басталған кезде «Қостанайға көмек» акциясы өтті.
Көрме қонағы, студент Наргиз Әлібекованың айтуынша, жастардың мұндай қызметі қашан да құрметке лайық.
«Бұған дейін волонтерлер туралы жазбаларды әлеуметтік желілерден оқып жүрдім. Ал бұл көрмеге деген таңданысым тіптен ерекше. Себебі еріктілердің еңбегін жаңа қырынан көрдім. Тіпті, болашақта волонтерлер қатарына қосылсам ба деген ой келді», – деді ол.