Техникалық қадағалау қызметтері мен мердігерлерге 29,3 млн теңге айыппұл салынды
Осы жылдың 9 айында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ел өңірлеріндегі жолдарға 10 мыңға жуық тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 5,1 мың олқылықты анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, жол-құрылыс материалдарының 23 мыңнан астам үлгісі іріктеліп сынақтан өткізілген, оның 8 мыңы республикалық желіге, 15 мыңы жергілікті желіге тиесілі.
«Оның ішінде 5,6 мың материал сынамалары немесе 24% белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. Республикалық желі бойынша 12% (1016), жергілікті желі бойынша 30% (4598) сәйкессіздіктер анықталды. Соның нәтижесінде мердігерлердің өз қаражаты есебінен 2 миллиард теңгенің жұмысы қайта атқарылды», - дейді ведомство өкілдері.
Сапа орталығы жосықсыз компанияларға қатысты облыстық мемлекттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларына 100-ден астам өтініш жолдаған.
«Соның нәтижесінде бүгінгі күні 18 жағдайда техникалық қадағалау мамандарының аттестаттары тоқтатылып, 2 мердігер құрылыс жұмыстарын жүргізу лицензиясынан айырылды, техникалық қадағалау қызметтері мен мердігерлерге салынған айыппұл сомасы 29,3 млн теңгені құрады», - делінген министрлік хабарламасында.