Үміткердің құжаттарды уақытылы тапсырғаны және олардың талапқа сай келетіні аталды
Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Мейрам Қажыкенді ҚР Президенті сайлауына кандидат ретінде ресми тіркеп, оған кандидат куәлігін табыс етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орталық сайлау комиссиясының бүгінгі өткен кезекті отырысында 20 қарашада болатын ҚР Президенті сайлауына үміткер Мейрам Қажыкеннің кандидатурасының заң талаптарына сай келетіні және оны кандидат ретінде тіркеу мәселесі қаралды.
«Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкенді қолдау мақсатында еліміздің 14 өңірінде 122 184 азаматтың қолы жиналды. Оның барлығы тексерілді, соның ішінде кандидатты қолдаған 120 055 қол сенімді деп танылды», - деді орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов.
Сондай-ақ, үміткердің құжаттарды уақытылы тапсырғаны және олардың талапқа сай келетіні аталды.
«Құрметті жиынға қатысушылар, осылайша орталық сайлау комиссиясы Қажыкен Мейрам Зекешұлын ҚР Президентіне кандидат ретінде тіркеді», - деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.