$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жыл басынан бері микроқаржы ұйымынан ақша алғандардың қарызы 45 млрд теңгеден асқан

Қазақстанда 246 микроқаржы ұйымы мен тек онлайн қызмет көрсететін 25 компания бар

Жыл басынан бері микроқаржы ұйымынан ақша алғандардың қарызы 45 млрд теңгеден асқан
Фото ашық дереккөзден

Жыл басынан бері микроқаржы ұйымынан ақша алғандардың қарызы 45 миллиард теңгеден асқан. Тұрғындар үйден шықпай-ақ қалтасын қалыңдатуды әдетке айналдырып барады. Қарыздың күліп келіп, жылап қайтатынын ескермейтіндердің дені – жастар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Қазір несие алу үшін бұрынғыдай банк кезегінде тұрып, бірнеше беттік келісімшартты оқу шарт емес. Кепілге танысыңызды белгілеуді талап етпейді. Айлығыңызды да растамайсыз. Тек ЖСН мен телефон нөміріңізді жазасыз, тез арада несие береді. Онлайн қарыз алып, сан соққанның бірі – Альмира. Ол бір емес, бірнеше рет микроқаржылық ұйымның көмегіне жүгінген. Несие сол сәтте тығырықтан құтқарғанмен, кейін желкемнен шығарды дейді.

Елімізде онлайн қарыз берушілер туралы нақты мәлімет, бірыңғай ақпараттық база жоқ. Адвокат Ерқанат Бейсеновтың сөзінше, интернетте қаптап жүрген мұндай ұйымдар өз жұмыстары туралы мемлекеттік органдарға есеп бермейді. Комиссия көлемін де өз қалауынша құбылтады. Сондықтан қаржы студенттерге де, жұмыссыз жүрген жастарға да беріле береді. Төлей алмаған адам заң алдында жауап береді.

 «Екінші деңгейдегі банктер сияқты коллекторлы ұйымдарға бере алады. Немесе ол несиені сата алады. Мұндай заңдылықтар бізде бар. Сот арқылы немесе нотариуспен атқару надпись бойынша мәжбүрлеу жасайды. Кәмелетке толды ма болды, іс-әрекет бойынша жауап береді», - дейді адвокат Ерқанат Бейсенов.

Қазақстанда 246 микроқаржы ұйымы мен тек онлайн қызмет көрсететін 25 компания бар. Олар жыл басынан бері 100 миллиард теңгеден астам шағын несие берген. Бірақ, оның 45 миллиардтан астамы әлі толық өтелмеген.

 «Микрокредит бойынша берешекті сотқа дейін реттеу үшін кешіктіру туындағаннан кейін бірден берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу бойынша шаралар қабылданады. Қарыз алушыларға мәселені реттеудің нұсқаларын ұсыну мүмкіндігі бермейді, бұл өз кезегінде әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкеледі. Микрокредиттер бойынша жеке тұлғалардың берешегін сотқа дейін реттеу рәсімін белгілеу әлеуметтік шиеленісті төмендетуге және проблемалық міндеттемелердің ұлғаю тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді», - дейді ҚР Қаржы нарығын зерттеу және дамыту агенттігі.

 Жекелеген қаржы ұйымдары сіздің жеке мәліметтеріңіздің құпия сақталуына кепілдік бермейді. Хакерлік шабуылдан қорғалмаған. Сондықтан қарыз алушының жеке мәліметтері алаяқтардың қолына ілігуі әбден мүмкін.

Серіктес жаңалықтары